TikTok Қазақстанда қауіпті контентпен күресті күшейтіп, биылғы екінші тоқсанда 1,4 миллионнан астам бейнероликті жойған, деп хабарлайды Ertenmedia.
Қысқа бейнеформаттағы танымал платформа қазақстандық аудиторияның қауіпсіздігі мен жайлы шығармашылық ортасын өз басымдығы деп есептейді. Осы бағытта TikTok ең озық технологияларды қолданып, әлемнің әр түкпіріндегі кәсіби мамандардың тәжірибесіне сүйенеді.
Платформаның тәулік бойғы модерациясы қауымдастық ережелерін бұзған мазмұнды дереу анықтап, өшіріп отырады. TikTok-тың тоқсан сайын жариялайтын ашық есебіне сәйкес, биылғы екінші тоқсанда Қазақстанда 1,4 миллионнан астам бейнеролик ереже бұзғаны үшін жойылған. Олардың 99,1%-ы пайдаланушылар шағым түсірмей тұрып-ақ анықталып, дер кезінде өшірілген. Ал жойылған контенттің 96,7%-ы жарияланғаннан кейінгі 24 сағат ішінде модерацияланған, бұл әлемдік орташа көрсеткіштен жоғары.
Өткен жылы Қазақстанда қауымдастық ережелеріне қайшы келген 6,5 миллионнан астам бейнеролик жойылған еді.
Ал әлемдік ауқымда 2025 жылдың екінші тоқсанында TikTok қауымдастық ережелерін бұзған 190 миллионға жуық бейнероликті жойған. Олардың басым бөлігі (99,1%) платформа мамандарының белсенді жұмысы арқасында пайдаланушылар шағымданбай тұрып өшірілген. Бейнероликтердің 94,4%-ы 24 сағат ішінде жойылып, платформаның модерация жүйесінің тиімділігі айқындалған.
TikTok осы тоқсанда тікелей эфирлердің қауіпсіздігіне де ерекше мән берген. LIVE-трансляцияларды уақытша тоқтату саны едәуір артқан. Бұл – платформадағы модерация технологияларының жетілдірілуімен байланысты. Тікелей эфирдегі монетизация ережесін бұзғандарға ескерту және демонетизация шаралары қолданылған.
Әлем бойынша 2,3 миллионнан астам тікелей эфир монетизация ережелерін сақтамағаны үшін уақытша тоқтатылған, ал миллионнан астам эфир иесіне ескерту жасалған.
TikTok авторларға контентті түзетуге мүмкіндік беретін жүйені енгізген. Қайта бұзушылық болған жағдайда авторлардың тікелей эфирден ақша табу мүмкіндігіне уақытша шектеу қойылады.
Компания алдағы уақытта тікелей эфирлер қауіпсіздігі жөніндегі мәліметтерді ашық жариялап, қауымдастықтың қауіпсіздігі бағытында қосымша шаралар қабылдауды жоспарлап отыр.

