Украиналық дрондар КТК-ға соққы жасаған соң, Қазақстан Баку–Тбилиси–Жейхан (БТЖ) мұнай құбыры арқылы экспорт көлемін арттырмақ, деп хабарлайды Ertenmedia.
Reuters дерегінше, желтоқсанда Ақтау порты арқылы БТЖ бағытымен 188 мың тонна мұнай экспортталады. Бұл қарашадағы көрсеткіштен 30 пайызға жоғары.
Оның 170 мың тоннасы «Теңізшевройлға» тиесілі болса, қалған 18 мың тоннасы Қашаған кен орнынан жеткізіледі. Дегенмен, бағыттың мүмкіндігі Ақтау портының қуаты мен мұнай қоспасының сапасына қойылатын талаптарға байланысты шектеулі.
Каспий құбыр консорциумы (КТК) Жаңаресей маңындағы терминалдың швартовка құрылғысы бүлінген сың, қысқа мерзімге тоқтаған. Қазір мұнай тиеу жалғасып жатыр, алайда үш айлақтың біреуі ғана жұмыс істеп тұр. Үшінші айлақ жедел түрде жөнделуде.
Украиналық дрондардың соққысынан кейін орыстардың мұнай инфрақұрылымындағы жүктеме шамадан тыс артқан. Сондықтан Қазақстанға қосымша көлемді Ресей аумағы арқылы тасымалдау қиындық туғызып отыр.
Айта кетсек, қараша айында «Теңізшевройл» БТЖ маршруты бойынша мұнай тасымалын қайта жаңғыртты. Бұған дейін компания әзербайжандық мұнай құрамында органикалық хлоридтер мөлшерінің көп болуына байланысты экспортты уақытша тоқтатқан еді.
Түнеукүні «ҚазМұнайГаз» басшысы Асхат Хасенов Қазақстан 2026 жылға қарай БТЖ арқылы экспортты 2,2 млн тоннаға дейін арттыру жөнінде келіссөз жүргізіп жатқанын хабарлаған болатын. Биыл осынау бағыт арқылы шамамен 1,2 млн тонна мұнай экспортталмақ.
Қазақстандық мұнай негізінен Ақтау портынан тәнкірлермен Бакуге жеткізіліп, әрі қарай БТЖ құбырымен Түркиядағы Жейхан портына жөнелтіледі.
Бұған дейін Жаңаресей маңындағы КТК объектісіне теңіз дрондары шабуыл жасаған. Астана осыған байланысты Киевке ресми наразылық білдіріп, оқиға екі ел арасындағы қарым-қатынасқа зиян тигізетінін мәлімдеген. Украина өз кезегінде шабуыл «басқыншы елдің әскери-өнеркәсіптік әлеуетін әлсіретуге бағытталған» деп жауап берген.
Ресейшіл бағыттағы сарапшылар КТК-ға соққы жасауды Қазақстан экономикасына жасалған шабуыл деп бағалап отыр. Себебі, еліміздің жалпы мұнай экспортының 80 пайыздан астамы осы құбыр арқылы өтіп, жылына шамамен 30 миллиард доллар табыс әкеледі.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.
Новороссийскідегі түнгі тосынсый: Киев Астанаға сыпайы тойтарыс берді

