Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері кеңесінің аясында Қытайда ҚР Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мен Қытайдың сыртқы ведмоства басшысы Ван Идің кездесті. Қазақ-қытай қарым-қатынасы тарихтың тереңінен бастау алып, бүгінде жаңа мазмұнмен толығып келеді.
Әңгіме барысында тараптар саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық бағыттағы әріптестіктің бүгінгі жағдайын саралады. Қазақстан мен Қытай арасындағы саяси диалог соңғы жылдары ерекше қарқын алып келеді. Мемлекет басшылары деңгейінде қалыптасқан ашық әрі сенімді әңгіме үлгісі енді екі елдің министрліктері арасындағы күнделікті жұмысқа да бағыт беруде. Мұрат Нұртілеудің айтуынша, Астанада өткен келіссөздер барысында жаңа өршіл мақсаттар қойылып, нақты бағыттар айқындалған.
Кездесуде ерекше назар аударылған мәселенің бірі – экономикалық байланыстарды нығайту. Қытай бүгінде Қазақстанның ең ірі сауда серіктестерінің қатарында. Шекаралық саудадан бастап, ірі стратегиялық жобаларға дейінгі ауқымды салаларда екі елдің мүддесі түйісіп отыр. Транзиттік-көліктік бағыттардағы әріптестік – Еуразия кеңістігіндегі ең өзекті тақырыптардың бірі. Қазақстан арқылы өтетін дәліздер Қытайдың Еуропаға шығатын ең қысқа әрі тиімді жолы болып саналады. Сондықтан да теміржол, автомобиль және логистикалық инфрақұрылымдарды дамыту екі елдің де ортақ пайдасына шешілетін жоба.
Энергетикалық ынтымақтастық та күн тәртібінен түскен жоқ. Қазақстан мұнай, газ, уран және басқа да шикізаттық ресурстар бойынша Қытай үшін маңызды әріптес. Соңғы жылдары баламалы энергетика, жасыл экономика жобаларына да көңіл бөлініп келеді. Бұл әлемдік трендке сай қадам ғана емес, екі елдің тұрақты даму мүддесін үйлестіруге бағытталған нақты қадам.
Кездесу барысында тек екіжақты мәселелер ғана емес, халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі тақырыптар да сөз болды. БҰҰ, ШЫҰ, АӨСШК және «Орталық Азия – Қытай» форматындағы бірлескен қадамдар аймақтағы қауіпсіздікті сақтауға, экономикалық интеграцияны нығайтуға ықпал етеді. Қазақстан үшін Қытайдың қолдауы тек экономикалық салада ғана емес, халықаралық саясаттағы әріптестік тұрғысынан да маңызды. Әлемдік тұрақсыздық күшейген тұста мұндай байланыстардың саяси салмағы арта түсетіні анық.
Мұрат Нұртілеу өз сөзінде «қол жеткізілген уағдаластықтарды сапалы іске асыру үшін бар күшімізді салу қажет» деді. Бұл – дипломатиялық сыпайылықтан гөрі нақты ұстаным. Өйткені екі ел арасындағы әрбір келісім тек қағаздағы мәтін емес, халықтың тұрмысына әсер ететін шынайы жобаларға айналуы тиіс. Осыны ескергенде, Қытаймен әріптестікті дамыту Қазақстан үшін тек экономикалық мүмкіндік емес, сонымен қатар ұлттық қауіпсіздік пен халықаралық беделдің де бір өлшемі болып тұр.
Қазақ-қытай қатынастарының тарихына көз жүгіртсек, талай кезеңді бастан өткергенін көреміз. Бүгінде жаңа заман жаңа міндеттерді жүктеп отыр. Қазақстан үшін көршілес Қытаймен тең құқықты, сенімді әрі ұзақ мерзімді әріптестік орнату – стратегиялық басымдық.