Таяуда Қостанай облысында Ассамблеяның «Ұлы даланың ұлтаралық тілі». Деп аталатын республикалық форумы өтті. Форумда әр ұлттың өкілі бір тілге тоқтасақ, қоғамдағы сенім де нығаяды деген түсінікті алға тартқан ашық алаң болды. Қазақстанда қазақ тілін этносаралық қатынас тіліне айналдыру тек мәдени саясат емес, елдегі тыныштықтың кепілі болатын бағытқа айналып келеді. Президент Жолдауларында ұлтаралық келісімді сақтау мен ортақ тілдің ролін күшейтуді бірнеше рет атап өткені белгілі. Осы форум сол тапсырманың нақты жүзеге асып жатқанын көрсетті.
Форумға түрлі өңірден жазушылар, қоғам қайраткерлері, этномәдени бірлестік өкілдері және жастар келді. Сенатор Геннадий Шиповских пен «Ситуативный казахский» кітабының авторы Қанат Тасыбеков қазақ тілін үйренудің тиімді жолдары туралы айтты.
Олар тілді құр сөзбен емес, күнделікті өмірде қолдану арқылы меңгеру керектігін нақты мысалмен жеткізді. Көп ұлтты елде қазақ тіліне деген көзқарасты күштеп емес, ынтамен қалыптастыру маңызды екені байқалды. Қатысқан жастардың көбі қазақ тілін үйреніп қана қоймай, оны мақтанышпен қолданатынын көрсетті.
Қонақтар Алтынсарин мавзолейі мен Абай музейін көріп, М.Омаров театрында «Қараш-Қараш» спектаклін тамашалады. Қазақ тілі тарих пен бүгіннің арасын жалғайтын көпір. Ұлттан тыс тіреуі жоқ екенін әркім түсінсін деген ой байқалды.
Ал пленарлық отырыста сөз алғандар тіл ішкі саясаттың саласы ғана емес, ұлтаралық сенімнің тетігі екенін ашық айтты. Қазақша сөйлеген өзге ұлт өкілдері сахнаға шығып, жастарға тәжірибесін ұсынды. Бәрі қазақ тілінде сөйледі.
Форумның басты ерекшелігі жастарға арналған практикалық шеберлік сабақтар. Университет студенттері тілді үйренудің жаңа цифрлық әдістерін көрді. Ресми форматта өткенімен, әңгіме жеңіл жүріп, түрлі пікірталас та өрбіді. Қазақ тілін мектепте жаттап қалмай, өмірмен байланыстыру керектігі анық сезілді. Осындай шаралар жиі болса, тіл саясат емес, табиғи қажеттілікке айналатынын аңғаруға болады.
Бұл форум ұлтаралық келісім тек қағаздағы құжат емес екенін көрсетті. Бір жиында түрлі ұлт өкілдері бас қосып, бір тілде сөйлесе оның астарында сенім, құрмет, ортақ мақсат жатыр деген сөз. Президенттің «тіл – бірлік құралы» деген пікірі осы жерде шынайы түрде сезілді. Костанайда өткен басқосу қазақ тілінің тағдыры алдында тұрған ең басты шындықты еске салды: ел бірлігі саясатпен емес, тілмен ұсталады.

