Қазақстандағы алпауыт мыс өндіруші «Қазақмыс» ресми түрде жаңа қожайынға өтетінін жариялап, заңдық рәсімдерді бастап кетті, деп жазады Ertenmedia.
Компанияның қазіргі иелері ескі Қазақстанның олигархтары Владимир Ким мен Едуард Оғай жаңа акционермен алдын ала келісімге қол қойып, активтерін өткізуге келісті.
Қазірге дейін «Қазақмыс холдингтің» 70%-ын Владимир Ким, ал қалған 30%-ын Едуард Оғай иеленіп келген еді.
Компанияның хабарлауынша, келісімнің толық аяқталуы үшін Индустрия және құрылыс министрлігі мен Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің рұқсаты қажет. Сондай-ақ серіктестер, кредиторлар мен жобаның барлық қатысушыларына мәміле жайлы алдын ала ескертіледі.
Компания ресми мәлімдемесінде жаңа иесінің есімі ашық айтылмағанымен, нарықтағы ақпарат көздері сатып алушы танымал бизнесмен Нұрлан Артықбаев екенін хабарлап үлгерген.
«Қазақмыс» өкілдері акционердің ауысуы кәсіпорындардың күнделікті жұмысына ешқандай кері әсер етпейтінін айтып отыр.
Ким деген кім?
Қазақстандық миллиардер кезінде Әбішұлының «әмияны», сыр ашатын сенімді серігі болған еді. Әулетпен байланысты қорларды, Назарбаевтың сайлау науқанын түгелдей әлгі Владимир Ким қаржыландырған дейді-мыс. Бұған дейін оның үлкен кісіге самолет сыйлағаны туралы ақпарат тараған еді.
«Қазақмыс» немен айналысады
«Қазақмыс» негізінен мыс кенін өндірумен, катодты мыс және мыс ширатпасын шығарумен, бағалы металдарды аффинаждаумен және сатумен айналысады. Өнімнің негізгі сатып алушылары Қытай мен Түркия кәсіпорындары, ал өндірілген алтынды толығымен Қазақстанның Ұлттық банкі сатып алады.
Компанияға Қарағанды, Ұлытау, Жамбыл және Абай облыстарында кеніштер, байыту фабрикалары, көмір карьерлері және мыс балқыту зауыттары тиесілі.
«Қазақмыс» Forbes Kazakhstan рейтингі бойынша Қазақстандағы ең ірі 75 жеке компанияның ішінде екінші орында тұр.
Жаңа инвестор?
Жаңа инвестор ретінде аты аталып отырған Нұрлан Артықбаев Qazaq Stroy компаниясының мажоритарлы иесі. Компания Алматы мен Астанада тұрғын үй кешендерін салумен айналысады.
Биылғы Forbes Kazakhstan рейтингінде 75 ең дәулетті бизнесменнің арасында Артықбаев алғаш рет көрініп, 44-ші орынға тұрақтады. Оның жеке капиталы 228 млн доллар.
Qazaq Stroy компаниясы да алғаш рет рейтингке еніп, Қазақстандағы ең ірі 75 компанияның ішінде 14-орын алған. Компанияның 2025 жылғы табысы 313,9 млрд теңге, таза пайдасы 45,7 млрд теңге.
2024 жылдың соңында Артықбаевқа тиесілі Telecom Systems Ltd компаниясы Jusan Bank-ке қарасты «Қазақтелекомның» 9,19% акциясын сатып алған. Келісім құны 42,77 млрд теңге. Биылғы қазан айындағы мәлімет бойынша Артықбаевқа тиесілі бұл пакет 9,84%-ға өскен.
Айта кетелік, осының алдында ғана Артықбаевты президент Тоқаев қабылдаған болатын. Кездесу барысында құрылыс саласын дамытудың басты бағыттары, сондай-ақ жеке бизнестің инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға қатысу мәселесі талқыланған еді.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.
Әбішұлының әрктикалық амбициясы: Назарбаев, Ким және Чукоткадағы «алтын мыс»

