Қазақстанның сыртқы саясатының басты қыры ретінде бітімгершілік мәдениетін айрықша атауға болады. Себебі біз айқай-шумен емес, сабырмен жасалған, жүйелі әрі ұзақ мерзімді нәтижеге бағытталған саясатты таңдадық. Мұндай қадамдар сырт көзге түсе бермегенімен, шын мәнінде жаһандық аренадағы сенім капиталын жинауға ықпал етеді. Әсіресе Сириядағы соғыс өрті өршіп тұрған шақта Қазақстанның ұсынған «Астана процесі» әлемге елдің бітімгершілік бейнесін танытты. 2017 жылғы келіссөздер барысында деэскалация аймақтарын құру жөнінде меморандумға қол қойылды, бұл өз кезегінде ұрыс қимылдарының бәсеңдеуіне және гуманитарлық көмек жеткізуге жағдай жасауға жол ашты. Халықаралық аренада талай рет сыналған «Астана алаңы» Қазақстанның бейтарап, бірақ тиімді медиатор ретіндегі мәртебесін нақтылай түсті.
Қазақстанның бейбіт миссиясы тек дипломатиялық делдалдықпен шектелген жоқ. БҰҰ туы астында Ливандағы UNIFIL миссиясына қатысқан әскери бөлімшелеріміз халықаралық тәжірибе жинақтап, тәртіп пен үйлесімділіктің мектебінен өтті. Бұл – қазақстандық сарбаздардың кәсіби деңгейін арттырған маңызды кезең, әрі дипломатиялық тұрғыдан елдің беделін өсірген фактор болғаны сөзсіз. Сондай-ақ Қазақстан Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары кеңесін (АӨСШК) халықаралық ұйым деңгейіне көтеруде бастамашы болып, өңірлік қауіпсіздікті нығайтуға нақты үлес қосты.
Бітімгершілік саясаттың тағы бір қыры – гуманитарлық өлшем. «Жусан» операциясы Қазақстанның сыртқы саясатына адам тағдырын бірінші орынға қою дәстүрін қалыптастырды. Сириядағы соғыс ошақтарынан әйелдер мен балаларды елге әкелу оңай іс болған жоқ, бірақ ол мемлекет пен қоғамның гуманитарлық жауапкершілігін көрсеткен қадам еді. Жүздеген бала мен аналардың елге оралуы, олардың қоғамға бейімделуі халықаралық қауымдастықта оң пікір туғызды. АҚШ Мемдепартаментінің өкілдері бұл тәжірибені арнайы зерттеп, Қазақстан үлгісін жоғары бағалағаны да кездейсоқ емес. Өйткені мұндай қадам қауіпсіздік саясатымен қатар, қоғамның тұтастығына бағытталған ұзақ мерзімді шешім болып табылады.
Қазақстан ядролық қауіпсіздік тақырыбында да әлемге үлгі көрсетті. Семей полигонын жабудан бастап, уранды төмен байытылған отын банкін Ульбада орналастыруға дейінгі шешімдер – қарудың күші емес, келісімнің күшіне сенудің нақты дәлелі. Ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тек Қазақстан үшін ғана емес, жалпы адамзат үшін маңызды қадам саналады. Бұл бастама Қазақстанды жаһандық қауіпсіздік архитектурасының ажырамас бөлігіне айналдырды.
Әрине, Қазақстанның сыртқы саясатына қатысты сын-пікірлер де айтылып жатады. Кейде көпвекторлы саясаттың шегі жоқ сияқты көрінсе, бейтараптық үнсіздікке ұқсап кететін кездері болады. Бірақ Қазақстан үшін басты тірек – халықаралық құқық нормалары, БҰҰ құжаттары және ядролық қарусыздану мен гуманитарлық құқық қағидалары болып қала береді. Сол себепті теңгерім ұғымы құндылықсыздыққа ұласуы мүмкін деген пікірлердің алдын алу үшін біз әрдайым принципті ұстанымға сүйенеміз.
Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, бітімгершілік – үлкен саясаттағы «жұмсақ күштің» ең сенімді құралы. Уақыт өте келе келісім мәдениеті, сенім жинақтау дәстүрі Қазақстанның сыртқы саяси капиталына айналады. Бітімгерлік тек дипломатиялық міндет емес, сонымен қатар қоғамның қауіпсіздігі мен болашақ ұрпақтың амандығына бағытталған жауапкершілік. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп отырған саясат дәл осы қағидаларға сүйенеді: дауылдың ортасында желкенді жыртпай, бағытыңды жоғалтпай, қажет кезде көпір болып, қажет кезде панахана болу. Қазақстан үшін бітімгерлік – бір реттік акция емес, сыртқы саясаттың ажырамас мәдениеті, ұлттық бірегейліктің маңызды қыры.
Міне, осындай жолды таңдаған мемлекет айқай-шусыз-ақ әлемдік саясатта бедел жинай алады. Бітімгершілік – күшпен емес, әдіспен, табандылықпен және сеніммен жететін қымбат құндылық. Ал Қазақстан сол құндылықты өз қолымен қалыптастырып келе жатқанын уақыттың өзі дәлелдеп отыр.