«Астана Моторс» компаниясының ақпаратына сүйенсек, 2026 жылы Алматыдағы автоөнеркәсіп технопаркінде жаңа цехтар іске қосылады. Атап айтқанда, мұнда көлік глушительдерін дәнекерлеу, жанармай және тежегіш түтіктерін дайындау жолға қойылады деп жазады Ertenmedia.
Бұдан бөлек, автоорындықтарға арналған сыртқы қаптамалар да Қазақстанда тігіле бастайды. Бұл мақсатқа 5,8 млрд теңге инвестиция қарастырылған. Бұған дейін кәсіпорында көлік орындықтарының каркасын құрастыру, пластикалық бөлшектерді қаптау, сондай-ақ орындықтардың басқару жүйесін сынақтан өткізу және пенополиуретаннан жасалған бұйымдарды өндіру үшін 4,4 млрд теңге жұмсалған еді.
Кәсіпорын 2026 жылдың наурыз айынан бастап еден төсеніштері мен көліктердің жылыту және кондиционерлеу жүйелерін шығаруды жоспарлап отыр.
Сонымен қатар, қазақстандық автоөндірісте жергілікті серіктестермен де ынтымақтастық нығаяды. Биыл күзде Саран қаласындағы зауыттан алғашқы шина үлгілері келуі тиіс. Бұған қоса, Талдықорғанда шығарылған аккумуляторлар да отандық көліктерге қойыла бастайды. Барлық бөлшектер алдымен дистрибьютор мақұлдауынан өтеді.
Қазірдің өзінде технопарк аумағында жылына 100 мың дана мультимедиалық жүйе шығаратын зауин жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар, көлік бөлшектерін жеткізумен айналысатын логистикалық хаб та іске қосылған.
Бүгінде технопарк ғимараттарының жалпы ауданы 20 мың шаршы метрден асады. Жаңа цехтар іске қосылғанда аумақ 32 мың шаршы метрге дейін кеңейеді. Алматының индустриалды аймағындағы технопарк аумағының жалпы көлемі 100 мың шаршы метр.
Өндірілген автокомпоненттер Қазақстандағы көлік зауыттарына жеткізіледі. Сонымен қатар, Changan, GWM (Haval және Tank) және Chery брендтерінің бөлшектерін жергіліктендіру мақсатында қытайлық әріптестермен келіссөз жүріп жатыр.
Жалпы алғанда, автоөнеркәсіп технопаркінің құрылысына 21,5 млрд теңге инвестиция салынады.
Сондай-ақ, осы компанияға тиесілі мультибрендтік зауытта Changan, Haval және Chery маркалы автокөліктер құрастырылады. Зауыттың жылдық қуаты екі ауысымдық режимде 120 мың автокөлік. Зауыт толық қуатқа шыққанда, өндірілген машиналардың 60%-ы экспортқа шығарылады.
«Астана Моторс» бас директоры Бекнұр Несіпбаев экспорт мәселесіне қатысты пікір білдірді. Журналистер Ресейдің утил алым мөлшерін арттыруына байланысты осы нарықтың жабылғанын еске салған еді.
«Қазақстан көліктерін жеткізетін өзге де нарықтар бар. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше басқа елдермен қатар, Вьетнам секілді мемлекеттер де бізге қызық. Бұл елде Қазақстандық тауарлар үшін баж салығы жоқ, бірақ оның шарты автоөндірістегі жергілікті компоненттер үлесі 51%-дан асуы тиіс. Біз енді локализация деңгейін көтеруді қолға алмақпыз», – деді Несіпбаев.
Сондай-ақ ол Қазақстанда утилизациялық алым мөлшерін көтеруге қатысты ұсыныстарға қарсылығын білдірді.
«Біздің компания бұған түбегейлі қарсы. Алым мөлшерін арттырсақ, импорттық көліктердің бағасы да өседі. Ал отандық көліктердің бағасына бұл фактор әсер етпейді», – деді компания басшысы.
Амбициясы зор Смағұловқа Үкіметтің лоббиі мен қолдауы ауадай қажет

