Қазақстан бойынша ауа райы күрт нашарлап, барлық өңірлерде қауіпті ахуал сақталады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Алдағы демалыс күндері ел аумағында аяздың қаһары күшейіп, тұрғындарға қолайсыздық тудырмақ. Солтүстік пен шығыстағы аймақтарға Сібірдің үстінде тұрақтаған қуатты антициклон ықпал етеді. Мұнда күн ашық болғанымен, шыңылтыр аяздың беті қайтпай тұр.
Ал еліміздің батысы мен оңтүстігінде жағдай мүлдем басқаша. Бұл өңірлерге оңтүстіктен жеткен циклон қар мен бұрқасын ала келді. Желдің екпіні күшейіп, көктайғақ жолдарды жауып, тұрғындардың жүріп-тұруы қиындап жатыр.
Әсіресе, Түркістан, Жамбыл және Алматы облыстарында қаңтардың 17–18 күндері толассыз жауған қалың қар жұртты әбігерге салуы мүмкін.
«Қазгидрометтің» хабарлауынша, жаңа апта басында күн райы қайта құбылып, солтүстік-батыстан келетін тағы бір циклон орталық пен солтүстіктегі өңірлерге қарлы боран әкеледі. Циклонның бір ерекшелігі күннің біртіндеп жылынуы. Дегенмен, бүкіл республика аумағында қалың тұман күтілуде.
Кеше синоптиктер бүкіл Қазақстан бойынша бірден дауылды ескерту жариялады. Кей аймақтарда аяз 40 градусқа дейін төмендеп, жел жылдамдығы секундына 28 метрге жетті. Автожолдар көктайғаққа айналып, қалаларда қалың тұманнан көру қашықтығы күрт қысқарған. Әсіресе, Астана, Көкшетау, Түркістан, Қызылорда, Жамбыл және Павлодар облыстарындағы жағдай өте күрделі.
Мамандар алдағы күндері жолға шықпауға кеңес беріп, сақтық шараларын күшейтуді сұрап отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

