Қазақстанда жанармай бағасы алдағы уақытта Еуразиялық одақ елдерімен теңесуі мүмкін деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Соңғы бір жылда елде бензин бағасы 16 пайызға жуық өскен. Energyprom мәліметінше, 2025 жылдың желтоқсанында АИ-92 маркалы бензиннің литрі орта есеппен 235 теңгеден, АИ-95 — 298 теңгеден, АИ-98 — 325 теңгеден сатылған.
Баға өсімі бойынша Павлодар облысы алда тұр: өңірде бензин бір жылда шамамен 20 пайызға қымбаттаған. Ал баяу қымбаттаған өңірлер Атырау, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстары.
«Бағаның өсуіне қарамастан, бензин өндірісі керісінше артты. Елдегі мұнай өңдеу зауыттары былтыр авиациялық отынды қоса есептегенде, жалпы 6 млн тонна бензин өндірген. Өндіріс көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда тоғыз пайызға артқан. 2015 жылмен салыстырсақ, көрсеткіш екі еседен астам өскен», – делінген зерттеуде.
Бензин өндіретін негізгі үш зауыттың ішінде Шымкент көш бастап тұр. Елдегі бензиннің үштен бірі осы зауыттың үлесінде. КТК құбыры арқылы экспортқа шектеу қойылған соң, артық мұнай Шымкентке бағыттала бастаған.
Қазақстанда бензинге ішкі сұраныс толығымен өз өнімдерімен жабылып, импорт қажет болмай қалды. 2025 жылдың қаңтар-қараша айларында елде 5,4 млн тонна бензин өндіріліп, импорт мүлде азайған. Керісінше экспорт көлемі бірден 6,5 есеге өсіп, 206,4 мың тоннаға жеткен.
Осы кезеңде…
Ішкі нарықта 5,2 млн тонна жанармай сатылған. АИ-92 маркасының бағасына енгізілген мораторий мерзімі 2026 жылдың наурызына дейін ұзартылды. Ал АИ-95 пен АИ-98 маркаларының бағасына мемлекет араласпайды.
Ең арзан бензин әдеттегідей елдің батыс аймақтарында сақталып отыр. Атырауда АИ-92 литрі — 219 теңге, Оралда — 223 теңге, Ақтөбеде — 224 теңге болған. АИ-95 Ақтөбеде — 275 теңгеден сатылса, АИ-98 маркасы ең арзан Ақтауда — 296 теңге. Алматы, Жезқазған, Қонаев, Павлодар және Семейде бензин бағасы жоғары.
Энергі министрлігі 2027 жылға қарай Қазақстандағы бензин бағасы ЕАЭО елдерімен толық теңесетінін еске салған еді. Қазір Қазақстандағы бензин Ресей мен Қырғызстаннан екі есеге жуық арзан. Сарапшылар биыл арзан бензиннің соңғы жылы болуы мүмкін екенін де ескертіп отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

