Атышулы Александр Машкевичтің артында қалған активтерін Дубайда тіркелген құпия компания өзіне қарата бастады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Өмірден озған олигархқа тиесілі Қазақстандағы 5 компанияның үлесі Central Asian DMCC дейтін шетелдік құрылымға өткен.
«Ручная экономика» арнасының мәліметінше Central Asian DMCC былтыр күзде-ақ «Еуразиялық өндірістік компаниясының» құрылтайшысы қатарына еніп, Майшекенің ресми түрде ауыстырған. Осы құрылым арқылы медицина, қонақүй бизнесі және жылжымайтын мүлікті жалға беру саласындағы қомақты активтер басқарылады. «Еуразиялық коллекторлық агенттік», Advance KZ, Kazakhstan Mineral Resources Corporation Investment компаниясында дәл осындай ауыс-түйіс болған..
Машкевич қайтыс болғанға дейін өзі басқарған «Еуразиялық өнеркәсіптік компанияда» әлі де акционер ретінде көрсетілгенімен, іс жүзінде негізгі меншік иесі ретінде Central Asian DMCC танылып отыр.
Дәл осы компания Алматыдағы «Боралдай» әуежайына, Altair Air әуе компаниясына және әйгілі «Жайлау» гольф-клубының 52%-ына иелік етеді. Машкевичтің «Көкмайса» ЖШС-дегі үлесі де толығымен дубайлық құрылымның қолына көшкен.
Central Asian DMCC компаниясы 2022 жылы Дубайда арнайы экономикалық аймақта тіркелген. Қазақстанда компанияның мекенжайы ретінде «Еуразиялық банктің» бас кеңсесі көрсетілген екен.
Компанияның нақты иесі кім?
Бұл туралы ресми мәлімет жоқ. Соңғы өзгерістер Central Asian DMCC мен Машкевичтің мұрагерлері арасында байланыс болуы мүмкін екенін меңзейді. Акционердің ауысуы нәтижесінде олигархтың әйелі Лариса мен қыздары Анна және Алланың мәртебесі өзгерген. Енді олар ірі акционер ретінде компаниядағы маңызды шешімдерге ықпал ете алады.
Сарапшылардың пікірінше, мұрагерлер отбасылық активті бір жерге жинақтап, арнайы жеке қор сияқты құрылымға біріктіруі мүмкін.
Майшекенің өзге ауқымды активтерінің тағдыры әзірге беймәлім. Марқұм ERG компаниясында Қазақстан үкіметімен бірге, Патох Шодиев пен Ибрагимов әулетімен қатар ірі үлеске ие (33 пайыз). Қалай болғанда да, Қазақстандағы ең ірі қаржылық империяның бірінде қайта бөліс жүріп жатқаны анық.
Бұған дейін танымал журналист Машкевичтің ел білмейтін құпиясын жайып салған болатын. Денис Кривошеевтің айтуынша, олигархтың билік баспалдағындағы басты құралы – қыз-келіншектер болған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

