Үкіметте өткен арнайы брифингте Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев пен Сыртқы істер вице-министрі Әлібек Бақаев Таяу Шығыстағы қазақстандықтарды елге қайтарудың егжей-тегжейін баяндады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Сауранбаевтың айтуынша, қазір қазақстандықтарды елге әкелудің екі негізгі бағыты пысықталған.
«Қазіргі рейстер жекелеген сипатта жүзеге асырылуда. Бірінші бағыт Сауд Арабиясы мен Египет арқылы өтсе, екінші бағыт Түркия арқылы жоспарланып отыр. Егер әуе дәлізі қайта ашылса, Air Astana және SCAT Airlines компанияларының алты ұшағы дайын тұр. Жалпы, эвакуациялануы тиіс азаматтардың саны шамамен 5 мың адам», – деді министр.
Вице-министр Әлібек Бақаев кеше Flydubai әуе компаниясының алғашқы рейсі қазақстандық жолаушыларды елге әкелгенін, бірақ оның тек бұрын билет алып қойған азаматтар үшін ғана орындалғанын айтты.
«Қазір БАӘ әуе кеңістігін толық жапқан. Дегенмен Flydubai әуе компаниясы бұрын билет сатып алған жолаушылар алдындағы міндеттемесін орындау үшін рұқсат алды», – деді ол.
Әуе билет жоқ жолаушылар не істейді?
Әуе билеті жоқ транзиттік жолаушылар мен БАӘ және Катарда тұратын қазақстандықтар автобуспен көрші елдерге жеткізіліп жатыр.
«Дубайдан алғашқы автобус колоннасы бүгін жолға шықты. Күн соңына дейін Оманда жиналған 467 азаматты елге жеткіземіз. Катардағы отандастарымызды автобуспен Сауд Арабиясының астанасы Эр-Риядқа, одан әрі Джидда қаласына жеткізіп, сол жерден әуе рейстерімен Қазақстанға қайтарамыз», – деп түсіндірді Бақаев.
Сондай-ақ ол Иран әуе кеңістігінің жабық екенін еске салып, ондағы қазақстандықтардың құрлық жолымен Армения, Әзербайжан және Түрікменстан арқылы эвакуацияланатынын мәлімдеді.
«Кеше Қазақстанның Сыртқы істер министрі көрші елдердегі әріптестерімен телефон арқылы келіссөз жүргізді. Нәтижесінде Иранның солтүстігіндегі Корган қаласында болған 17 азаматымыз Түрікменстан шекарасы арқылы елге оралуға мүмкіндік алды», – деді СІМ өкілі.
Қазір Түрікменстан аумағына өткен қазақстандықтар аман-есен елге қарай бет алған. Ал Иранда не болып жатыр? Трамп неге Тегеранға тап берді? Толығырақ осы тұстан оқи аласыз.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







