Қазақстан мен Қытай арасындағы ғылыми-техникалық әріптестік жаңа деңгейге көтерілді. Қытай елі біздің мемлекетке 100 млн юань немесе 7,5 млрд теңге көлемінде қайтарымсыз грант бөлмек. Бұл қаражат Қазақстанда халықаралық ғарыштық хаб құруға, жаңа технологияларды дамытуға және ғылым мен экономиканың түйіскен тұстарын нығайтуға бағытталады, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі жариялағандай, бөлінген қаржы бірнеше негізгі бағытқа жұмсалады. Ең алдымен, навигациялық жүйелерді дамыту көзделіп отыр.
Бұл тек ғарыш саласының өзінде ғана емес, қарапайым халықтың күнделікті өмірінде де қажет болатын сала. Автокөлік трекерлерінен бастап жүк тасымалына орнатылатын навигациялық пломбаларға дейін бұл жүйелердің маңызы зор. Өйткені Қазақстан – транзиттік мемлекет, біздің жеріміз арқылы өтетін жолдардың қауіпсіздігі мен ашықтығы экономикалық сенімділікке тікелей әсер етеді. Осы тұрғыдан алғанда, жаңа буындағы қондырғылар тек техникалық емес, саяси салмаққа да ие болмақ.
Екінші бағыт – Жерді қашықтықтан зондтау жүйелері. Ғаламдық тәжірибе көрсеткендей, бұл жүйелер ауыл шаруашылығынан бастап табиғи апаттарды бақылауға дейін кең ауқымда пайдаланылады. Қазақстан үшін су тапшылығы, егіннің өнімділігі мен жердің жағдайын нақты бақылау – стратегиялық мәселе. Ертеңгі күні осы мәліметтерді бұлтты сервистер арқылы сақтап, өңдеу мүмкіндігі ашылады.
Үшінші бағыт – телескопиялық жүйелер мен обсерваториялар құру. Қазақстанның географиялық орналасуы ерекше, Еуропа мен Азияның ортасында тұрған ел аспан әлемін зерттеуде қолайлы аймаққа айнала алады. Онлайн-қолжетімді халықаралық жүйелер құру арқылы Қазақстан астрономия саласында ғаламдық ғылыми қоғамдастыққа үлес қосуға мүмкіндік алады.
Жоба азаматтардың жеке өмірін бақылауды көздемейді. ДЗЗ жүйелері тек ірі нысандарды бақылайды, ал телескоптар жинаған мәліметтер халықаралық ғылымға қолжетімді болмақ. Бұл жерде Қазақстан деректерді ел аумағында сақтайтынын да ерекше атап өтті. Демек, ұлттық қауіпсіздік мәселесінде тәуелсіздік сақталады. Бұл – қоғамдағы алаңдаушылықты сейілтуге бағытталған нақты мәлімдеме.