Алматы облысында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай қоғамдық келісімді нығайтуға, этносаралық диалогты дамытуға және бірлік құндылықтарын ілгерілетуге бағытталған ауқымды іс-шаралар кешені жүзеге асырылуда, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz
Мерейтойлық жылдың басты оқиғасы – 2025 жылғы 30 мамырда Қонаев қаласында Алматы облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының XXX сессиясының өтуі болды. Сессияға облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев төрағалық етті.
Жыл басынан бері өңірде 300-ден астам тақырыптық іс-шара өткізілді, оған 40 мыңнан астам адам қатысты. Іс-шараларға 34 этномәдени бірлестіктің өкілдері (оның ішінде 18-і облыстық деңгейде), Аналар кеңесі мен Ақсақалдар кеңесінің мүшелері, «Ассамблея жастары» жастар қанатының белсенділері, медиаторлар және азаматтық қоғам өкілдері қатысты.
Мерейтой жылы этносаралық келісім инфрақұрылымын дамытуға ерекше назар аударылуда. Қонаев қаласы мен Ұйғыр ауданында Достық үйлері салынады. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленіп жатыр.
Астанада өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясында Мемлекет басшысы берген тапсырмаларға сәйкес, өңірде этнос өкілдері тығыз орналасқан Еңбекшіқазақ және Ұйғыр аудандарында ҚХА бөлімшелерін ашу жұмыстары басталды.
Қоғамдық диалогты нығайтуда Аналар кеңесі мен Ақсақалдар кеңесі маңызды рөл атқаруда. Облыста 146 Аналар кеңесі және 141 Ақсақалдар кеңесі жұмыс істейді. Олар бес ай ішінде 190-нан астам іс-шара өткізіп, 20 мыңға жуық адамды қамтыды. Медиация кеңесі 4 мыңнан астам адамды қамтыған 36 кездесу ұйымдастырды. ҚХА-ның жастар қанаты – «Ассамблея жастары» 6 мыңнан астам жасты қамтыған 49 бастаманы іске асырды.
Жыл соңына дейін өңірде этносаралық келісім, толеранттылық пен диалог идеяларын насихаттауға бағытталған тағы 8 ірі этномәдени жоба өткізу жоспарланған.
«Біздің өңірде келісім, толеранттылық және ашық диалог бұрыннан өмір салтына айналған. Бұл – бізді күшті әрі біртұтас ететін басты құндылықтар. Қазақстан халқы Ассамблеясы – бірлігіміздің және көптүрлілікке деген құрметтің нышаны. Мерейтойлық жылы біз мәдени бастамалармен қатар инфрақұрылымды дамытуға да ерекше көңіл бөліп отырмыз. Қонаев қаласындағы Достық үйі мен Конгресс-холл – әр дауыстың маңызды, әр этностың мәдениеті мен дәстүрі қолдау табатын ортақ болашағымызға салынған инвестиция», – деп атап өтті Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев.