Қазақстанда мотор майын цифрлық таңбалау жүйесі енгізілетін болды. Көптен бері талас туғызып келген таңбалау құнына қатысты сұраққа Энергі министрлігі соңғы нүктені қойды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Алдымен таңбалау деген не, соны айтайық. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл өнімнің әрбір данасына арнайы цифрлық белгі қою. Белгі өнім туралы барлық ақпаратты (қашан, қайда шығарылған, кім импорттаған, сапасы қандай) көрсетеді.
Министр Ақкенженовтің қаңтарда бекіткен бұйрығына сай, мотор майының әрбір цифрлық таңбасы бизнеске 4,7 теңгеге түседі. ҚҚС есепке алынбаған таза баға осы. Енді ақпаннан бастап импортталған, елде өндірілген немесе ЕАЭО елдерінен келген майдың бәріне осы жүйе міндетті.
Министрлік бір таңбаның құны қалай есептелгенін ашып көрсетті. Оның ішіне лицензиялық бағдарламалар (1,19 теңге), жүйені ұстап тұру шығыны (1,04 теңге), колл-орталық қызметі (0,69 теңге) және аналитикалық-пилоттық жобалар (0,69 теңге) кіреді. Бұдан бөлек электр энергиясы, техникалық қолдау мен деректерді сақтауға кеткен шығындар да ескерілген.
Қысқасы, мемлекет цифрлық жүйенің жұмысын толық қамтамасыз ету үшін жұмсалатын ақшаны нақты есептеп, осыны бекітіп берді.
Бизнеске ауырлық түсе ме?
Ресми мәліметке сенсек, шешімге бизнес тарапынан да, «Атамекен» палатасынан да қарсылық болмаған. Министрлік те «шығын бюджеттің мойнына ілінбейді әрі экономикаға зияны жоқ» деп отыр.
Ендігі мәселе мотор майының бағасы өсе ме?
Мамандардың айтуынша, бір таңба үшін алынатын 4,7 теңге майдың құнына тікелей әсер етпейді. Нарықтағы бағаға одан гөрі логистика, валюта бағамы және алыпсатардың әрекеті көбірек ықпал етеді.
Үкімет бастаманың түпкі мақсаты май нарығын контрафактіден тазартып, «көлеңкелі» импорттың жолын кесу дейді. Әр жүргізуші цифрлық таңбаны мобильді қосымша арқылы сканерлеп, майдың түпнұсқа екенін оп-оңай тексере алады. Мемлекет осы арқылы сапасыз өнімнен келетін шығынды азайтып, тұтынушының құқығын қорғауды көздеп отыр.
Толық цифрлық бақылау жүйесі 2027 жылы іске қосылады. Мотор майын ауыстыру қаншалықты өсетіні сол кезде белгілі болмақ. Айтқандай, бүгін жиын өткізген Энергі министрі бензин бағасына қатысты мәлімдеме жасаған болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

