«Қазақстанның қолжазба мұрасы: реестрлеу, реставрациялау, ғылыми каталогтау, цифрландыру және кешенді кодикологиялық зерттеу» ғылыми бағдарламасы аясында «Ғылым ордасы» РМК мен Гарвард университетінің Дэвис Ресей және Еуразия зерттеулер орталығының ұйымдастыруымен шағатай қолжазбаларын зерттеуге арналған workshop өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Іс-шараға Ғылым ордасы, Гарвард университетінің Дэвис Ресей және Еуразиялық зерттеулер орталығы, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті және Astana IT University өкілдері қатысты.
Workshop аясында Гарвард университеті Шығыс Азия тілдері мен өркениеттері кафедрасының препцепторы Dr. Gulnar E. Yulghun шағатай қолжазбаларын зерттеуге арналған кешенді кіріспе семинар өтті. Лектор қатысушыларды шағатай мәтіндерін талдау, оқу және ғылыми интерпретациялаудың негізгі әдістерімен таныстырып, палеографиялық ерекшеліктер, жазба дәстүрлері, мәтіндік конвенциялар және қолжазбатану ғылымында қолданылатын зерттеу тәсілдері бойынша практикалық жұмыстар жүргізді.
Сонымен қатар workshop барысында шағатай тіліндегі мәтіндерді дәл әрі қолжетімді цифрлық форматтарға түрлендірудің тиімді тәсілдері, инновациялық технологиялар, кодтау стандарттары және цифрлық деректерді ұзақ мерзімді сақтауға арналған халықаралық үздік тәжірибелер талқыланды. Қатысушылар цифрланған деректерді сақтау, тиімді басқару және ғылыми айналымға енгізудің озық тәсілдері жөнінде тәжірибе алмасты.
Айта кету керек, бұл ауқымды жоба Ғылым ордасы, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, Astana IT University және Гарвард университетінің Дэвис Ресей және Еуразиялық зерттеулер орталығы арасындағы консорциумдық келісім негізінде жүзеге асып келеді.
Қазіргі уақытта жоба аясында Ғылым ордасының мамандары Түркияның Анкара және Ыстамбұл қалаларында қолжазбаларды сақтау, реставрациялау, ғылыми каталогтау және цифрландыру бағыттары бойынша тәжірибе алмасып, түркиялық мамандардың озық технологиялары мен заманауи әдіс-тәсілдерін, сондай-ақ қолжазбатану саласындағы жергілікті орталықтардың практикалық тәжірибесін жан-жақты меңгеріп, кәсіби дағдыларын жетілдіруде.

