Финляндия Президенті Александр Стуббтың Қазақстанға ресми сапары аясында ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Финляндия Республикасының Ауыл және орман шаруашылығы министрлігі арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.
Құжат су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту, су ресурстарын тиімді пайдалану мен басқару, тәжірибе және заманауи технологиялар алмасу, сондай-ақ екі елдің тиісті мемлекеттік органдары арасындағы институционалдық және ғылыми-техникалық байланыстарды нығайту бағытындағы ынтымақтастықты дамытуды көздейді.
Меморандум сондай-ақ суды өнеркәсіптік жолмен тазарту және қайта пайдалану технологияларын дамыту, су үнемдеу технологияларын қолдану тәжірибесімен алмасу, деректер жинау, су есебін цифрландыру және су мониторингі салаларында инновациялар мен технологиялармен бөлісуді көздейді. Сонымен қатар тараптар су тасқыны мен құрғақшылық қаупін басқару бойынша тәжірибе алмасуға ниетті.
Құжатта бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу және білікті мамандар даярлау жоспарланған, оның ішінде жерасты суы мен су дипломатиясы салаларында да кадрлар дайындау қарастырылған.
«Бұл меморандум – үздік тәжірибелер мен инновациялық шешімдерді енгізуге жол ашатын бірлескен бастамалар мен жобаларды жүзеге асырудың маңызды қадамы. Қазіргі уақытта Қазақстанда су шаруашылығы саласын жаңғырту мен тұрақты дамытуға бағытталған ауқымды өзгерістер жүріп жатыр.
Біз Финляндияның су ресурстарын тиімді басқару, инновациялық технологияларды енгізу және тұрақты су пайдалану тәжірибесін жоғары бағалаймыз. Мұндай халықаралық озық тәжірибені енгізу ортақ мақсаттарға жетуімізге көмектеседі»,– деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

