Astana International University (AIU) оқу орнына ресми сапармен Ифе королі әрі йоруба халқының рухани көсемі – Оның Ұлылығы Адеейе Энитан Огунвуси келді. Йоруба – Нигериядағы ең ірі этностардың бірі, халқының саны шамамен 40 миллион адамға жетеді.
Бұл сапар корольдің «Астана» халықаралық форумына қатысуы аясында жүзеге асты. Ол форум тарихында алғаш рет өткен «Қазақстан – Африка: ынтымақтастықтың жаңа көкжиектері» атты арнайы сессияда спикер ретінде сөз сөйледі.
AIU қабырғасында өткен ресми кездесу барысында мәртебелі мейман Нигерияның бүгінде Африканың халқы ең көп әрі қарқынды дамып келе жатқан елі екенін атап өтті. Бүгінде ел халқы 235 миллионнан асады, ал халықтың медиандық жасы – небәрі 18,1 жас. Бұл көрсеткіш Нигерияны әлемдегі ең жас мемлекеттердің біріне айналдырады. Сол себепті ел алдында білім беру саласында кешенді шешімдер қабылдау міндеті тұр. Нигерия үкіметі өз жастарына сапалы білім беру мақсатында халықаралық серіктестермен тығыз байланыс орнатуға мүдделі. Әсіресе академиялық ұтқырлық бағдарламаларын іске қосу, қос диплом беру жобаларын дамыту және тілдік даярлықты кеңейту мәселелері басым бағыттар қатарында.
Осы тұрғыда корольдің AIU-ға сапары нақты әріптестік механизмдерін талқылап, университет пен Нигерия тараптары арасында өзара келісімдер жасауға жол ашты.
Кездесу барысында AIU президенті университеттің құрылу тарихы, профессорлық-оқытушылық құрамы, халықаралық бағдарламалар мен жетістіктері туралы кеңінен баяндады. Әсіресе университеттегі интернационалдандыру саясаты мен көптілді білім беру тәжірибесіне ерекше тоқталды. Ректордың айтуынша, шетелдік студенттер қазақ, ағылшын, орыс және қытай тілдерін дәстүрлі әдістермен де, заманауи цифрлық құралдар арқылы да еркін меңгере алады.
Бүгінде AIU 12 елдің студенттерін біріктіріп отыр. Ал Нигериямен жасалатын алғашқы келісімдер осы ел жастары үшін университеттің жаһандық академиялық қауымдастығына қосылудың бастауы болмақ.
«Білім – мәдениеттер мен құрлықтарды жалғайтын алтын көпір. Оның Ұлылығы Адеейе Энитан Огунвусидің университетімізге арнайы келуі – өзара құрмет пен сенімнің белгісі. Бұл кездесу жоғары білім саласындағы тығыз ынтымақтастықтың жаңа кезеңін бастайды деп сенеміз», – деді Astana International University ректоры.