Қазақстанда коллекторлық агенттіктер мен микроқаржы ұйымдарының қызметіне екі деңгейлі бақылау жүйесі енгізілмек, деп хабарлайды Ertenmedia.
Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Абылқасымова мәлімдеді.
Оның айтуынша, қазір еліміздің микроқаржы нарығында 899 ұйым жұмыс істейді, ал коллекторлық агенттіктер тізімінде 197 компания бар.
Осы жылдың 1 шілдесіндегі мәліметке сәйкес, Қазақстанның микроқаржы ұйымдарының несие портфелі 3,2 трлн теңгеге жеткен. Бұл 2021 жылғы көрсеткіштен екі есе жоғары. Несие сомасының 61 пайызы, яғни 1,9 трлн теңгесі шағын және орта бизнеске берілген микрокредиттер.
Алайда несие көлемі артқан сайын, тұтынушылар тарапынан шағымдар да көбейген. Былтырдан бері нарық қатысушыларына қатысты 812 тексеріс жүргізіліп, 1,1 мыңнан астам әкімшілік айыппұл салынған. Айыппұлдардың жалпы сомасы 431 млн теңге.
«Тексеру көрсеткендей, заңбұзушылық тек микрокредит берумен шектелмейді, микроқаржы ұйымдарының жалпы қызметінде кемшілік көп. Сондықтан агенттік осы саладағы қадағалаудың екі деңгейлі жүйесін енгізуді ұсынып отыр. Ол бойынша микроқаржы ұйымдары мен коллекторлық агенттіктер алдымен өзін-өзі реттеуге міндеттеледі», – деді Абылқасымова.
Басқаша айтқанда, микроқаржы ұйымдары мен коллекторлар алдымен өз қызметін ұжымдық орган арқылы бақылайды. Ал егер бұл жүйе мәселені шеше алмаса, іске агенттік араласады.
Бірақ өзін-өзі реттейтін ұйымды кім басқарады, ол ұйым тағы бір жемқорлықтың ошағына айналып кетпей ме деген сауал да өзекті. Осы орайда Қазақстанға Ресей Банкінің өкілдері келіп, өз тәжірибесімен бөлісуде. Демек, қазақстандықтар микроқаржы нарығын қадағалаудың ресейлік моделін таңдауы мүмкін.