Астанада өтетін XXIII Хатшылық және Әлемдік әрі дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезі қарсаңында Қытай Буддистер Ассоциациясы төрағасының орынбасары Цзин Бо Қазақстанның мәдениеттер тоғысындағы және рухани диалог орталығындағы айрықша рөліне тоқталды.
Цзин Боныґ айтуынша, Қазақстан бүгінде тек тарихи сауда жолдарының қиылысы ғана емес, «домбыра, гитара және арфа үндестірген мәдени бірліктің символдық симфониясы» орын алатын кеңістікке айналды. Ол «Бір белдеу – бір жол» бастамасы мен 2025 жылы өткен «Жібек жолын оқу – Орталық Азияны тану» атты халықаралық акцияны ерекше атап өтіп, мұндай жобалардың Қазақстанның мәдени және рухани алмасу алаңы ретіндегі рөлін күшейтіп отырғанын жеткізді.
– Бұл оқиғалар өркениеттердің өзара байытылуы тарихында жаңа тарау ашып, өзара құрмет пен ашықтық рухын айқындады. Бұл – форумның тақырыбына толық сәйкес келеді, – деді ол.
Өз сөзінде Цзин Бо әртүрлі діндердің рухани дәстүрлеріне параллель жасады. Ол буддизмдегі барлық құбылыстардың өзара тәуелділігін, христиандықтағы жақынға деген сүйіспеншілікті, исламдағы төзімділік пен мейірімділікті, даосизмдегі табиғи жолды ұстануды еске салды. Оның пікірінше, осының бәрі конфессияаралық диалогтың берік негізін қалайды.
Сондай-ақ ол діни конфессия лидерлерін ынтымақтастықты тереңдетуге, жастар тәрбиесі, отбасылық және моральдық құндылықтарды нығайтуға, рухани даналықпен бөлісуге және мәдени жобаларда бірге жұмыс істеуге шақырды. Әсіресе климаттың өзгеруі, аштық пен қақтығыстар сияқты жаһандық сын-қатерлерге жауап берудің маңыздылығына тоқталды.
– Діни қауымдастық тек айтуға емес, әрекет етуге тиіс – игі идеяларды нақты іске айналдыру қажет. Үміт отын жағу, бос сөзді тоқтату және рухани энергияны бейбітшілікке жұмсау – басты міндет, – деді ол.
Цзин Бо сөзін аяқтай келе, съездің табысты болуын тілеп, Қытай Буддистер Ассоциациясының әлемдік діндермен бірге ілгері жылжуға дайын екенін білдірді: «Келісімді қайық етіп, сенімді желкен етіп, ал әрекетті ескек етіп алсақ – біз бейбіт әрі бақытты болашаққа жете аламыз».