Қазақстан мұнай-газ учаскелерін игеруге арналған соңғы аукционда қытайлық жеке инвесторға құрлықтағы ауқымды жер телімін барлау мен игеру құқығын табыстады. Бұл туралы елдің Энергетика министрлігі мәлімдеді деп жазады Ertenmedia.
Ақпаратқа сәйкес, аукционда ұсынылған тоғыз учаскенің тек төртеуіне ғана сатып алушы табылған. Солардың бірі Маңғыстау облысындағы «Үстірт-2» кен орны. Оның жалпы аумағы 5400 шаршы шақырымнан асады. Бұл аймақ Қазақстандағы ең көне әрі байырғы мұнайлы өлкелердің бірі ретінде белгілі және Каспий теңізімен шектеседі.
«Үстірт-2» учаскесінің құқығын Қазақстанда тіркелген, бірақ қытайлық жеке инвесторға тиесілі Kazakhstan Dinghua Energy компаниясы 150 миллион теңгеге (шамамен 297 мың АҚШ доллары) сатып алды. Бұл бастапқы белгіленген сомадан екі есеге жуық жоғары.
Бұл учаске 2022 жылдан бастап бірнеше рет аукционға шығарылғанымен, оның шалғайда орналасуы мен аймақтың геологиялық күрделілігіне байланысты бұрын сұраныс тудырмаған еді. Сондай-ақ, өңірде коммерциялық көлемдегі көмірсутегі қорын анықтау қиынға соғып келген.
Қазақстандық компаниялар реестрінің дерегінше, Kazakhstan Dinghua Energy компаниясы 2024 жылдың тамызында Астана қаласында тіркелген. Компанияның жалғыз акционері жеке тұлға. Компания мұнай мен ілеспе газды өндірумен айналысуды мақсат етеді.
Энергетика министрлігінің мәлімдеуінше, учаскені барлауға берілген құқық үшін 297 мың доллар төлеген компания келісімшарт талаптарына сәйкес алғашқы кезеңде кемінде 15 миллион доллар инвестиция салуы тиіс.
Алғашқы кезеңде инвестор екі өлшемді (2D) сейсмикалық барлау жұмыстарын жүргізіп, жалпы ұзындығы 1500 шақырым сейсмозерттеу деректерін жинауы қажет. Бұл шамамен 6 миллион долларды құрайды. Сонымен қатар, жалпы құны 9 миллион доллар тұратын үш барлау ұңғымасын бұрғылау жоспарланған.
Аталған аукциондағы ең ірі келісім Алматы және Жетісу облыстарында орналасқан «Жаркент» учаскесін сату болды. Бұл учаскенің аумағы 2500 шаршы шақырымнан асады. Жаркентті Almaty Oil Ventures атты жергілікті инвесторлар тобы бақылайтын қазақстандық компания 809 миллион теңгеге сатып алды.
Жаркент учаскесі Түркіменстаннан Қазақстан арқылы Қытайға өтетін ірі газ құбырына жақын орналасқан. Бұл учаскенің иесі екі өлшемді (2D) сейсмикалық деректер жинауға және екі барлау ұңғымасын бұрғылауға 12 миллион доллар көлемінде қаржы жұмсауы тиіс.
Сонымен қатар, аукцион барысында «Көкөй» және «Сарысу» деген екі учаскені де қазақстандық компаниялар сатып алды. Жамбыл облысындағы көлемі 1300 шаршы шақырым «Көкөй» учаскесін Taraz Petroleum алса, Қызылорда мен Түркістан облыстарындағы 2000 шаршы шақырымға жуық «Сарысу» учаскесін Earth Oil & Gas компаниясы иеленді. Energy Monitor консалтинг компаниясының дерегіне сай, екі компания да жергілікті кәсіпкерлерге тиесілі.
Қалған бес учаскеге қызығушылық танытушылар болғанымен, онлайн-аукционға ешкім қатыспаған. Министрлік алдын ала сұраныстың жоқтығынан тағы екі учаскені саудадан алып тастаған еді.