Қазақстанда қызылшаның қайта өршуі вакцинадан жаппай бас тартумен тікелей байланысты болып шықты деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Денсаумин-нің дерегінше 2025 жылы ел аумағында қызылша инфекциясының 4240 дерегі тіркелген, оның ішінде 3673-і (88 пайызы) балалар мен жасөспірімдер арасында. Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы төрағасының орынбасары Манар Смағұлдың айтуынша, республикада жұқпалы аурулардың 70-80 пайызы мектеп жасына дейінгі және мектеп оқушылары арасында анықталады.
Қызылшаның елдегі эпидемиялық жағдайды қайта ушықтыруына вакцинация көрсеткішінің төмендігі себеп болып отыр.
«Қызылша жұқтырғандардың 77 пайызы мүлде екпе алмағандар. Жалпы екпе алмағандар саны – 3286 адам. Оның ішінде вакцинациядан бас тартқандар – 1686, медициналық анықтамасы бар – 527, жас шамасы жетпеген – 931, өзге себептер – 142. Инфекцияның кеңінен таралуына жол бермеу үшін барлық жағдайлар бойынша эпидемиологиялық тергеу жүргізіліп, екпе алмаған адамдарды анықтап, вакцинацияның маңызын түсіндіретін шаралар қолға алынды», – дейді Манар Смағұл.
Қызылша инфекциясының ошағына айналған Астана қаласында биылғы жылдың басынан бері 581 жағдай тіркелген. Эпидемиялық жағдайдың күрделенуіне байланысты елорданың бас санитар дәрігері бірқатар шұғыл қаулы қабылдап, бақылауды күшейтті.
Сондай-ақ, маман вакцинацияға қатысты жалған мәлімет («приписка») беру фактілерінің де анықталғанын атап өтті.
«Вакцина алған деп көрсетілген, бірақ шын мәнінде екпе алмаған балалар мониторинг жүргізу кезінде және ауру жұқтырған жағдайларды тексеру барысында анықталып отыр. Қазір бұл мәселені бақылауға алудың ерекше тәртібі енгізілді. Соның арқасында уақытында екпе алмаған балалар анықталып, оларды вакцинамен қамту бойынша шұғыл шаралар қабылдануда», – дейді орталық өкілі.
Еске сала кетейік, қызылшаның күрт өсуіне байланысты 2025 жылдың 6 қарашасынан бастап Астанада балаларға жаппай вакцина егу басталды. Алдымен 6-10 айлық сәбилерге, ал 5 желтоқсаннан бастап 2-4 жас аралығындағы балаларға екпе салынып жатыр.
Айта кетелік, бұдан былай дәрігерлер үшін ЭЦҚ қолдану тәртібі жеңілдейді. Сала басшысы Ақмарал Әлназарова ақ халатты жандарды қағазбастылықтан арылтпақшы.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

