Қазақстанда жақын уақытта мұнай өнімдерін өндіру ісінде жаңа кезең басталды. Қазақстандағы шағын мұнай өңдеу зауыттарына қойылатын талап күшейтіледі. Мемлекет енді олардың әрқайсысына өндірістің кем дегенде 45 пайызын сұранысқа ие, яғни халық пен экономикаға тікелей қажет жанармай түрлерін шығаруды міндеттемек. Бұл өзгеріс заңнамаға енгізілетін түзетулерде көрсетілген. Қарапайым тілмен айтсақ, бұрынғыдай сапасыз жартылай дайын өнім шығарып, одан пайда табу кезеңі келмеске кетеді, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Мини-МӨЗ деп аталып жүрген шағын зауыттар ел бойынша отыздан асады. Олардың қағаз жүзіндегі қуаты жылына 4,5 миллион тонна мұнай өңдеуге жетеді. Алайда шын мәнінде, осы өндірістерден шығатын өнімнің едәуір бөлігі стандартқа сай келмейді. Техникалық талаптарға сәйкес келмегендіктен, мұндай өнім нарықта толыққанды отын ретінде бағаланбайды. Соның салдарынан Қазақстаннан «майлы» фракциялар шетелге шығарылып, ол жақта қайта өңделіп, сапалы жанармайға айналып кетеді. Яғни, біз өзіміздің шикізатты сыртқа арзанға беріп, дайын өнімді қымбатқа қайта сатып алып жүрміз.
Дәл осы мәселеге нүкте қою үшін Үкімет түзетулерді жария талқылауға шығарды. Құжатта «сұранысқа ие мұнай өнімі» деген жаңа ұғым енгізілген. Бұл – көлік пен энергетика саласына, сондай-ақ құрылыс пен майлау материалдарына қажетті негізгі жанармай түрлері.
Еліміздің ірі зауыттары – Павлодар, Шымкент және Атыраудағы өндірістер – қазірдің өзінде 60-75 пайыз көлемінде К-4, К-5 стандартына сәйкес келетін сапалы отын шығарады. Ал кіші зауыттарға осындай деңгейге шығу міндеттелмек. Бұл талап бірден емес, 2029 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.
Бұл шешімнің астарында бірнеше маңызды фактор бар. Біріншіден, энергетикалық қауіпсіздік мәселесі. Қазақстанда көлік саны жыл сайын көбейіп, сапалы жанармайға сұраныс артып отыр. Егер шағын зауыттар сапасыз өнім шығара берсе, импортқа тәуелділік артып, ішкі нарықтағы баға тұрақсыз болып қала береді.
Екіншіден, экологиялық фактор. К-4, К-5 стандартына сай жанармай зиянды қалдықтарды айтарлықтай азайтады. Бұл ауаның сапасын жақсартуға, халық денсаулығын қорғауға ықпал етпек. Үшіншіден, экономикалық тиімділік. Сапасыз жартылай өнім экспортқа кетпей, ел ішінде толық өңделсе, қосымша құн түсіп, бюджет кірісі артады.
Бірақ мәселенің екінші жағы да бар. Шағын-МӨЗ иелері жаңа талаптарды орындау үшін едәуір қаржы салуы керек. Технологияны жаңарту, жабдықты жаңғырту оңай шаруа емес. Егер мемлекет қолдау көрсетпесе, кейбір шағын зауыттар нарықтан шығып қалуы мүмкін. Бұл өндірістің құрылымына әсер етіп, монополиялануға жол ашуы ықтимал. Сондықтан алдағы бес жылда атқарылатын дайындық кезеңінде Үкіметтің индустриялық қолдау шаралары да маңызды рөл ойнайды.
Ал стратегиялық тұрғыда бұл бастама – дұрыс қадам. Қазақстан мұнай өндіру бойынша әлемдегі алғашқы ондықтың қатарында болса да, ішкі нарықта сапалы жанармай тапшылығы әлі күнге дейін байқалады. Бұл қайшылықты шешудің жалғыз жолы өндірісті халықаралық стандарттарға сай ету. Егер жоспар толық орындалса, 2029 жылдан кейін елдің барлық аймағы сапалы жанармаймен қамтылып, экспортқа да бәсекеге қабілетті өнім шығарылады.