Қазақстанда 800 мыңға жуық киікті ату туралы шешім қабылданды. Олардың етінен консерві жасалмақ, деп хабарлайды Ertenmedia.
Бұл туралы Үкіметте өткен брифингте Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев мәлімдеді. Министрдің айтуынша, ғылыми зерттеу нәтижесі елдегі жалпы саны 4 миллионға жуықтаған киік популяциясының 20 пайызын санаттан сызуды ұсынған.
«Ғылыми қорытынды киік санын 20 пайызға азайтуды ұсынып отыр. Бүгінгі күнгі ресми есеп бойынша елдегі киік саны 3 миллион 978 мың. Оның ішінде Орал популяциясында 2 миллион 300 мың, Бетпақдалада 1 миллион 600 мың, Үстіртте 78 мың бас тіркелген. Шамамен 4 миллион деп есептеп отырмыз. Консервіге кететін киік саны шамамен 800 мыңды құрайды», – деді министр.
Оның айтуынша, көзі жойылатын киіктің 40 пайызы аталық, 40 пайызы аналық, ал қалған 20 пайызы биыл туған төл болмақ.
Қазір министрлік жергілікті әкімдіктермен бірлесе отырып, етті қайта өңдейтін зауыт ашу мәселесін қарастыруда. Жоспар бойынша, өңделген киік етінен консерві дайындалып, нарыққа шығарылмақ.