Қазақстанда АЭС мәселесі референдум арқылы шешімін тапса, қай елдердің компаниялары технология жеткізуі мүмкін екені айтылды. Бұл туралы «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС бас директоры Тимур Жантикин мәлімдеді, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Ақпаратқа сүйенсек, 2019 жылы Қазақстан шетелдік атом технологияларын жеткізушілерден техникалық-коммерциялық ұсыныстар алған. Соған орай Қытайдан, Оңтүстік Кореядан, Ресейден, Франциядан және АҚШ-тан алты сатушыдан 13 заманауи реактор жобасы таңдалды.
«Ұсынылған технологияларды алдын ала бағалау үшін біз Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің әлемдік тәжірибесі мен ұсынымдары негізінде өзіндік бағалау жүйесін әзірледік. Кейін бұл жүйені әйгілі Assystem француз компаниясы мақұлдады», — деді Жантикин Үкімет отырысында.
Тізімге төрт әлеуетті жеткізушінің ұсыныстары енгізілген:
- HPR1000 реакторы бар қытайлық CNNC компаниясы;
- APR1000 және APR1400 реакторлары бар кореялық KHNP;
- Ресейлік Росатом, ВВЭР-1200;
- EPR1200 технологиясы бар франциялық EDF.