Қазақстандықтардың ақпарат тұтыну дағдысында түбегейлі өзгерістер байқалып жатыр. Мемлекеттік тілге деген сұраныс артуда, ал әлемжелілер ақпарат алудың басты көзіне айналған деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
DEMOSCOPE бюросының сауалнамасына қатысқандардың 76,5 пайызы ақпаратты қазақ тілінде тұтынатынын айтқан. Оның ішінде 45,4 пайызы мемлекеттік тілде ғана оқыса, 31,1 пайызы қазақ және орыс тілдерінде қатар ақпарат алады. Респонденттердің 21,1 пайызы ақпаратты тек орыс тілінде тұтынатынын айтқан.
Ақпарат көздеріне деген сенім деңгейі қазақстандық аудиторияның сыни көзқарасын анық аңғартады. Тұрғындардың басым бөлігі тек мемлекеттік БАҚ (57,4%) пен жақын туыстары мен таныстарының (54,4%) берген ақпаратын сенімді деп есептейді. Қалған ақпарат көздеріне сенім деңгейі төмен.
Мәселен, блогерлерге – 66,1%, әлеуметтік желілердегі пабликтерге – 62,9%, ресейлік БАҚ-қа – 60,7%, шетелдік ақпарат құралдарына – 48,9%, ал жекеменшік БАҚ-қа 43,3% респонденттер сенімсіздік танытқан.
Жас ерекшелігіне қарай сенім деңгейінде де айтарлықтай айырмашылық бар. Мемлекеттік БАҚ-қа ең көп сенетін топ 18-29 жастағы жастар (66,4%), ал ең аз сенім білдіретін топ 50-59 жас аралығындағы азаматтар (46,5%).
Қызығы сол, блогерлер мен инфлюенсерлерге ең күмәнмен қарайтын миллениалдар (30-39 жас) 72,6%. Керісінше, зумерлер (18-29 жас) мен 50-59 жастағылар бұл санатқа біршама лоялдырақ шамамен әрбір бесінші адам блогерлерге сенеді.
Жекеменшік БАҚ аудиториясында жастардың үлесі жоғары
18-29 жас аралығындағы азаматтардың 49,6 пайызы оларға сенім артса, керісінше 60-тан асқан егде жастағылардың 52,7 пайызы сенімсіздік танытқан. Ақпарат көздеріне деген сенім елдегі сөз бостандығы деңгейімен тығыз байланысты.
2025 жылы Қазақстан «Шекарасыз репортерлер» ұйымының рейтингісінде 141-орын алып, елдегі ахуал «аса күрделі» деп бағаланған. DEMOSCOPE сауалнамасында респонденттердің 34,9 пайызы елдегі сөз бостандығын оң бағаласа, 33,6 пайызы бейтарап көзқарас білдірген. Ал 27,2 пайызы бұл жағдайға көңілі толмайды екен. Әсіресе, 50-59 жас аралығындағы азаматтар (36,3%) ең сыншыл топ болып шықты.
Ақпарат алудың негізгі көзі – әлеуметтік желілер (55,9%). Одан кейін интернет-ресурстар (30,6%) мен телевидение (30,2%) тұр. YouTube арналарын 16,1%, WhatsApp пен Telegram сияқты мессенджерлерді 13,1% қолданады. Газет (3,4%) пен радио (2,5%) ең аз сұранысқа ие ақпарат құралдары болды.
Қазақстандықтар арасында ең танымал әлеуметтік желілер
- Instagram – 58%
- TikTok – 39,1%
- WhatsApp – 29%
- YouTube – 28,1%
- Telegram – 16,4%
Ресейлік әлеуметтік желілер ВКонтакте (1,7%) мен Одноклассники (3,3%) өте аз қолданылады, ал сауалнамаға қатысушылардың 14,7 пайызы әлеуметтік желілерді мүлде пайдаланбайтынын айтты.
Ақпаратты тексеру және оның шынайылығын анықтау мәселесінде респонденттердің 65 пайызы ақпаратты өзгелермен бөліспес бұрын тексеретінін айтқан. 46,9 пайызы үнемі тексерсе, 18,1 пайызы кейде тексереді екен. Дегенмен, 10,8 пайызы ешқашан тексермейді, ал 7,8 пайызы сирек тексереді.
Жалпы алғанда, сауалнамаға қатысқандардың 39,2 пайызы жалған ақпаратты шынайы ақпараттан ажырату қиын емес десе, 33,4 пайызы керісінше, қиындыққа тап болатынын мойындады. Ал 23 пайызы бұл туралы тіпті ойланбайтынын жеткізген.
Зерттеу қазақ тілінің медиакеңістіктегі рөлі күшейгенін, ақпарат көздеріне деген сенімнің шектеулі екенін және әлеуметтік желілер мен интернет ресурстардың ықпалы артқанын көрсетіп отыр. Бұл орайда отандық медианарықта қазақ тіліндегі сапалы әрі жастарға бағытталған контентті көбейту маңызды міндетке айналуда. Сондай-ақ, медиа-менеджерлер ақпараттың әлеуметтік желі форматына лайықталып, аудиторияны барынша тарту жолдарын ескергені абзал.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







