Қазақстанға діндарлар ғана емес, әтеистердің де ар-намысы мен абыройын қорғайтын арнайы заң керек деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бұл туралы белгілі дінтанушы Елнар Берікбаев мәлімдеді. Сарапшының пікірінше, соңғы уақытта әлемжеліде атеистерге қарсы көпе-көрнеу, ашықтан-ашық шабуыл жиілеп кеткен. Құдайға сенбейтін қауымға «имансыз», «азғын» деген ауыр айып тағылып, ар-намысы аяққа тапталып жатыр. Бірақ мемлекет бұған үнсіз қарап отыр.
«Жақында «Нұр-Мүбәрак» ислам университетінің бір оқытушысы атеистерді «хайуанға» теңеп, олар жақсылық пен жамандықты ажырата алмайды, қоғамға қауіпті деп ашық айтты.
Мұндай сөздің PhD дәрежесі бар, академиялық және діни ортада беделді тұлғаның аузынан шығуы аса қауіпті.
Бұл ма, бұл адамның дүниетанымына қарай ашық түрде қорлау, дегуманизация жасау», – дейді Берікбаев.
Айтуынша, қазіргі кезде Қазақстанда діндар, діншіл қауымның сезімі мен сенімін қорғау мәселесі өте белсенді көтеріліп, мемлекеттік деңгейде талқылануда. Ал ешбір дінге сенбейтін азаматтар заң жүзінде қорғалмай, қоғамдағы агрессия мен кемсітушілікке ұшырап жатыр.
«Атеизм? Бұл ауытқушылық немесе дәстүрге қарсы құбылыс емес. Адамның бойындағы толықтай заңды әрі қалыпты дүниетанымы. Егер біз расында да зайырлы мемлекет болсақ, ендеше кез-келген азамат өзінің діни көзқарасына немесе оның жоқтығына қарамастан тең қорғалуы керек», – деп атап өтті Елнар Берікбаев.
Сарапшының сөзінше, мұндай заң қабылдау дінге немесе дін ұстанушыларға қарсы бағытталған әрекет емес. Керісінше, қоғамдағы теңдікті нығайтып, азаматтардың ар-намысы мен құқығын қорғап, дүниетанымға қатысты жанжалдың алдын-алуға көмектеседі.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

