Бұл туралы Энергетика вице-министрі Әлібек Жамауов газ нарығындағы негізгі ойыншылармен өткізген жиында белгілі болды деп хабарлайды Ertenmedia.
Кездесуге мемлекеттік органдар, Бәсекелестікті қорғау агенттігі, жеке компаниялар, «Қазақстан темір жолы» мен Қазақстанның отын қауымдастығы өкілдері қатысты.
Жиында газ тасымалдау тарифінің өсуі басты мәселе ретінде көтерілді.
Министрлік өкілдерінің айтуынша, сұйытылған газды тасымалдау тарифі 2025 жылдың өзінде үш рет айтарлықтай өскен.
«Тек 1 маусымнан бастап теміржолмен газ тасымалдау қызметінің тарифтері өсті. Соның салдарынан сұйытылған газдың әр литрінің өзіндік құнындағы көлік шығындарының үлесі артты», – деді министрлік өкілдері.
Әлібек Жамауов нарықтың тұрақты жұмыс істеуі үшін баға тепе-теңдігін сақтау қажет екенін атап өтті.
«Біздің негізгі міндетіміз логистика тізбегіндегі баға тұрақтылығын қамтамасыз ету. Газ нарығындағы барлық қатысушы үшін ашық әрі түсінікті ойын ережесін бекітіп, бизнестің де, тұтынушылардың да мүдделерін қорғауымыз керек», – деді вице-министр.
Кездесуге қатысушылар бағаны белгілеу кезінде кешенді шешім қабылдауға уағдаласты. Атап айтқанда, тасымал шығындарын алдын ала талдап, тарифті белгілеуде ашықтықты қамтамасыз ету, сондай-ақ баға қалыптастыруда ортақ бақылауды күшейту қажеттігі айтылды.
Министрлік өкілдерінің сөзінен ұққанымыздай, бұл жиынның түйіні автогаз бағасының тағы да өсуіне әкелуі мүмкін.
Еске салсақ, 1 тамыздан бастап Қазақстанда автогаздың жаңа шекті бағасы бекітілген болатын. Оның литрі аймақтарға байланысты Маңғыстау облысында 72 теңгеден басталса, Алматы, Астана секілді ірі қалалар мен өзге облыстарда 112 теңгеге дейін көтерілді. Сонымен қатар автогаздың көтерме бағасы да өсті (тоннасы үшін 51,9 мыңнан 59,7 мың теңгеге дейін).
Жаңа тарифтер 2025 жылдың соңына дейін күшінде болмақ.