Қазгидромет 19, 20 және 21 наурызға арналған ауа райы болжамын жариялады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Синоптиктердің мәліметінше, алдағы үш күнде антициклон елдің басым бөлігінде жайлы көктемгі ахуалды сақтап тұрады.
Мамандар болжамына қарағанда, Қазақстан аумағының көп бөлігінде күн ашық болып, жауын-шашынсыз ауа райы орнығады. Соның әсерінен ауа температурасы біртіндеп көтеріле береді.
Алайда кей өңірде атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты құбылмалы жағдай сақталады. Елдің солтүстігінде, сондай-ақ оңтүстік пен оңтүстік-шығыстағы таулы аймақтарда жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын түсуі мүмкін. Кей жерлерде жел күшейеді. Республика бойынша тұман мен көктайғақ та болжанып отыр.
Күндізгі температура батыс аймақтарда 10-20 градус жылыға дейін көтеріледі. Солтүстік пен орталықта 5-17 градус жылы болады. Ал оңтүстікте көктемнің лебі айқынырақ сезіліп, ауа температурасы 15-23 градусқа дейін жетеді.
Синоптиктердің алдын ала бағалауынша, 2026 жылғы наурыз Қазақстанның басым бөлігінде қалыпты межеден жылырақ өтпек. Ай ішінде жауын-шашын да көп болуы ықтимал.
Жалпы наурызда ауа райы тұрақсыз болады деген болжам бар. Солтүстік өңірлерде қар мен бұрқасын қайталанса, оңтүстік пен батыста жаңбыр мен сулы қар басым түсуі мүмкін. Орташа температура климаттық нормадан шамамен 1 градус жоғары болады. Соған қарамастан, қысқа мерзімді салқындау толқындары да жоқ емес.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







