Қазақстанның көп бөлігінде алдағы күндері күн райы ашық әрі құрғақ болады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Синоптиктердің мәліметінше, антициклон әсерінен ел аумағында жауын-шашын тоқтап, температура күрт көтеріледі. Дегенмен батыста ауа райы құбылмалы жауын жауып, кей жерлерде найзағай ойнайды. Әсіресе, 28 наурызда Маңғыстау облысында нөсер жауын күтілуде.
Жауын-шашын солтүстік және шығыс аймақтарды да айналып өтпейді. 26 наурызда Солтүстік Қазақстан облысында жаңбыр аралас қар жауса, 27–28 наурызда Шығыс Қазақстан облысында жаңбырлы ауа райы күтіледі. Сонымен қатар республиканың кейбір аумағын таңертең және түнде тұман басады. Солтүстік пен шығыста жолдар тайғақ болады.
«Ел аумағында күн райы жылынады. Батыс және солтүстік-батыста күндіз ауа температурасы +15…+25 градусқа жетеді. Солтүстік және шығыста +10…+17, орталықта +13…+24 градус шамасында болады. Оңтүстікте ауа температурасы +21…+30 градус, ал оңтүстік-шығыста +18…+27 градус аралығында сақталады. Таулы аймақтарда температура +10…+15 градусқа дейін көтеріледі», – делінген хабарламада.
Синоптиктер бұған дейін сәуірде ауа райы тұрақсыз болатынын ескерткен еді. Елдің солтүстігінде үсік жүруі мүмкін болса, оңтүстікте ыстықтың беті +35…+39 градусқа дейін жетеді деп болжанған. Сондай-ақ, ай бойы жауын-шашын жиілеп, қатты жел мен найзағай күшейе түседі.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







