Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы тұрақталып, өсім қарқыны айтарлықтай бәсеңдеді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, биыл наурыз айында баға индексі орта есеппен 0,3%-ға ғана өскен, ал бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда үш есе төмен көрсеткіш
2026 жылдың бірінші тоқсанында баға өсімі 1,2%-ды құрады, бұл былтырғы жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен (3,8%) үш есе төмен.
Министрлік өкілдерінің айтуынша, елдегі ресми статистика халықаралық әдістемеге сай жүргізіледі және оған 537 түрлі тауар мен қызмет бағасы кіреді. Баға мониторингі ел аумағындағы 12 мыңнан астам сауда нысанында жүргізіледі. Жалпы, Қазақстанның ішкі сауда саласында 760 мың кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істесе, оның 300 мыңнан астамы азық-түлік өнімдерін сатумен айналысады.
Сауда министрлігінің дерегіне сәйкес, баға төмендеуі көкөніс өнімдерінде байқалған. Атап айтқанда, наурыз айында қырыққабат 1,9%-ға, қызанақ – 2,6%-ға, пияз – 10,9%-ға, ал қияр 22,6%-ға арзандаған. Жыл басынан бері қиярдың бағасы жалпы 31,1%-ға түскен.
Шенді не дейді?
Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанованың сөзінше, көкөніс бағасының төмендеуі жылыжай шаруашылықтарына бағытталған мемлекеттік қолдау шараларының арқасында мүмкін болды.
Өткен жылы жылыжайлардың жалпы ауданы 1,33 мың гектарға жетіп, 2024 жылмен салыстырғанда 12,6 гектарға өскен. Әсіресе фермерлік жылыжайлардың үлесі артып, 713,3 гектардан 799,4 гектарға дейін ұлғайған.
«Қазіргі уақытта министрлік өнеркәсіптік жылыжайлармен қызанақ пен қияр бағасын тұрақтандыру бойынша меморандумдарға қол қою туралы келіссөздер жүргізуде», – деді Айжан Бижанова.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







