AMANAT фракциясының депутаттары жыл басындағы өңірлерге сапар барысында 274 елді мекенге барып, 582 кездесу өткізген. Сапар қорытындысы бойынша сайлаушылардан мыңнан аса арыз-шағымдар жинақталып, Үкіметке жолданған. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев мәлімдеді, — деп хабарлайды ErtenMedia.
«Осындағы әрбір сұрақтың артында халықты толғандырып жүрген сандаған жүйелі мәселе, мыңдаған түйткіл мен миллиондаған адамның тағдыры жатқаны сөзсіз. Сол сауалдарға 20 министрліктен жауап келді. Дегенмен ашығын айту керек, сұрақтардың басым бөлігіне сырғытпа жауаптар мен формальды ұсыныстар берілген», — деді ол.
Депутаттың сөзінше, жылдар бойы қордаланған, қаншама жанның тұрмыс-тіршілігіне тікелей әсер ететін ауқымды мәселелер тағы да шешусіз қалған.
«Денсаулық сақтау саласына МӘМС-тің енгізілгеніне 5 жылға аяқ басса да, жаңа жүйенің жыры бітпей қойды. Әлі де жүйеден тыс 3,5 миллион халық болса, оның артында жүйелі жарнасын төлесе де, жүйесіз қызмет алатындардың саны одан әлдеқайда көп.
Мәселен, былтыр үш айдың ішінде Астана тұрғындарынан Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына 1 680 өтініш түссе, оның 70%-ы шағым болған. Мәжіліс мінберінен 3 жыл бойы медициналық сақтандыру жүйесінің сын көтермейтінін айтсақ та, Үкіметте не бір ұсыныс, не бір шешім болмай келеді. Үш жылда үш министр ауысқанымен, медициналық сақтандыру мәселесінде нақты үш мәселе де шешілмеді.
Шағым азаймады, кезек кемімеді, сапа жақсармады. Яғни Қазақстанда байлар емделмейтін, кедейлер емделе алмайтын жағдай әлі де орын алып отыр», — деп сынады депутат.