Қазақстанда балалардың телефон ұстайтын уақытын шектеу ұсынылды, — деп хабарлайды ErtenMedia.
Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлы Үкімет мүшелеріне депутаттық сауал жолдап, әлеуметтік желі бойынша мәселені шешуді сұрады.
Депутат халықаралық Kaspersky Lab компаниясы былтыр жүргізген сауалнаманы келтірді. Оның деректері бойынша Қазақстандағы балалардың 88%-ында жеке смартфон бар. Ал оның 28%-ы барлық бос уақытын гаджетте өткізеді. Жасөспірімдердің 74 пайызы TikTok-ты, 59 пайызы YouTube-ты, 57 пайызы Instagram-ды белсенді пайдаланады.
«Әрбір бесінші ата-ана өз баласы әлеуметтік желілердегі парақшасында қандай ақпарат жарияланғанын білмейді. Ата-аналардың 62%-ы балаларының экран алдындағы уақытын бақылау үшін ешқандай арнайы бағдарлама мен шектеу қолданбайды. 4-6 жас аралығындағы балалардың 17 пайызы интернет арқылы зат сатып алады. Бұл ата-аналарға қаржылық шығын келтіріп қана қоймай, бала үшін де қауіп төндіретіні айтпасақ та түсінікті», — деді ол.
Депутаттың сөзінше, қазір Оңтүстік Корея мен Канада ондаған сауықтыру орталығын ашып, заманауи гаджеттерге тәуелділерді сауықтыруды қолға алған.
«Желіге желіккендер психологиялық, физикалық, әлеуметтік қиындыққа тап келіп отыр. Мысалы Гонконг Қытай университетінің зерттеулері бойынша интернетке тәуелді жасөспірімдер арасында психологиялық ауытқуға тап болу көрсеткіші 2,5 есе жоғары. Депрессияға шалдығу ықтималдығы 3 есе көп болады екен», — деді ол.
Жарқынбек Амантайұлының айтуынша, әлеуметтік желіні шектеп жатқан елдер аз емес. Олардың қатарына Қытай, Оңтүстік Корея, Франция, АҚШ, Аустралия және тағы басқа дамыған елдерді жатқызуға болады.
«Қытайда 2023 жылы кәмелетке толмағандардың мобильді құрылғыларды қолдануын реттейтін заң жобасы ұсынылды. Оған сәйкес балаларға кешкі 22:00-ден таңғы 6:00-ге дейін смартфондарды пайдалануға тыйым салынды. Франция үкіметі 15 жасқа дейінгі оқушылар үшін мектептерде телефон пайдалануға тыйым салып, балалардың интернетке қолжетімділігін заңнамалық деңгейде реттеді», — деді ол.
Депутат жасөспірімдердің әлеуметтік желілерді пайдалануын заңмен реттеу керек деген пікірде.
Ол мынадай ұсыныстар жасады:
- Оқу-ағарту министрлігі, Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ведомствааралық топ құрып, әлеуметтік желілердің өскелең ұрпаққа тигізетін зиянын жан-жақты сараптап, саралап, арнайы заң жобасын әзірлеуі қажет.
- Әлеуметтік желілер мен онлайн ойындарды пайдалану бойынша жас шектеулерін енгізу, сондай-ақ, кәмелетке толмағандарға гаджеттерді пайдалану уақытын белгілеу бойынша тиісті ұсыныс әзірленуі керек.
- Ата-аналар үшін балаларының интернет әлеміндегі іс-әрекеттерін, өткізген уақытын қадағалауға мүмкіндік беретін бірыңғай мемлекеттік бақылау жүйесін құруды ұсынамын.