Енді банкомат арқылы қаражатты тек картаның ресми иесі ғана шешіп ала алады. Тіпті жұбайы немесе жақын туысы болса да, басқа адамның картасынан ақша алу мүмкін емес деп жазады Ertenmedia.
Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова мәлімдеді.
«Кейде жұбайлардың бір-бірінің картасынан ақша шешіп ала алмай жатқаны осы жаңа талапқа байланысты. Жаңа ереже бойынша, карта тек оның иесінің өзіне қызмет етеді», – деп түсіндірді ол.
Әбілқасымованың айтуынша, жаңа талаптар алаяқтықпен күрес мақсатында енгізілген. Сондай-ақ бұл шара картасын қылмыстық топтарға жалға беріп жүргендерге («дропперлерге») тосқауыл қою үшін жасалды.
«Жаңа ережеге сай, банк картасын тек оның иесі ғана пайдалана алады. Банктер клиенттің жеке басын тексеруге міндетті. Ал онлайн операциялар үшін картаның иесі арнайы аутентификациядан өтеді. Осы арқылы біз заңсыз транзакциялардың алдын аламыз», – деді агенттік басшысы.
Сонымен қатар, жаңа тәртіп карта қолданудағы тәртіпті күшейтеді әрі халықаралық KYC (Know Your Customer – «клиентіңді біл») және AML (ақшаның заңсыз айналымымен күрес) талаптарына толық сәйкес келеді.
Ал жақын адамға ақша шешіп алу қажет болса ше?
Әбілқасымованың айтуынша, бұл мәселені шешудің заңды жолдары бар:
- жұбайына немесе жақын туысына қосымша карта ашу және оның лимиттерін белгілеп беру;
- банк арқылы бір реттік немесе ұзақ мерзімге сенімхат рәсімдеу;
- отбасылық немесе ортақ банк шотын ашып, әркімге жеке карта беру;
- мобильді қосымша немесе интернет-банкинг арқылы онлайн ақша аудару.
Агенттік төрайымы клиенттерге банктерге хабарласып, қолжетімді мүмкіндіктер туралы алдын-ала ақпарат алуға, қажет болған жағдайда тиісті ресми құжаттарды рәсімдеуге кеңес берді. Бұл қадам болашақта операциялардың бұғатталуын болдырмайды.