Қазақстанда АИ-92 маркалы бензин бағасын ұстап тұруға бағытталған мораторий аяқталды. Энергетика министрлігі жанармай бағасының күрт өсіміне жол бермейтінін мәлімдеді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Үкімет брифингінде Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов нарықтағы жағдай толық бақылауда екенін айтып, бензин бағасы бірден шарықтап кетпейтінін жеткізді.
«Жанармай бағасы күрт қымбаттамайды. Болған күннің өзінде баға біртіндеп, аздаған өсіммен ғана жоғарылайды», – деді ол.
Вице-министр осыған ұқсас жағдай бұрын да болғанын еске салды. Ол кезде бағаны мемлекеттік реттеуден ішінара алып тастағанда жанармай нарығы айтарлықтай тыныш жағдайда өзгерген.
Қазіргі уақытта баға саясатын бірден бірнеше мемлекеттік орган бақылауға алған. Олардың ішінде Энергетика министрлігі, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі, сондай-ақ әкімдіктер бар. Олар жанармай нарығындағы жағдайды тұрақты бақылап, бәсекеге қарсы әрекеттер мен бағаның жасанды көтерілуіне жол бермеуді қадағалайды.
«Әріптестерім де растайды деп ойлаймын, жанармай бағасы күрт көтерілмейді. Бәлкім, нарықтағы сұранысқа қарай біртіндеп көтерілуі мүмкін. Көрші елдердегі баға бізден әлдеқайда жоғары болғандықтан, аздап өсім болатыны қалыпты жағдай. Дегенмен, ешқандай күрт өзгеріс болмайды», – деп сендірді вице-министр.
Қазір Қазақстандағы АИ-92 бензинінің бір литрі шамамен 239 теңгеден сатылса, көрші елдердегі баға айтарлықтай жоғары:
- Ресейде – литрі 406 теңге;
- Қырғызстанда – 453 теңге;
- Өзбекстанда – 505 теңге.
Мұндай үлкен айырмашылық ел ішінде жанармайдың жасанды тапшылығын туындатуы мүмкін. Өйткені қазақстандық компаниялар үшін бензинді шетелге шығарып сату әлдеқайда тиімді.
Осыған дейін еліміздегі бензин бағасының болашағына қатысты сараптамалық материал жариялаған болатынбыз.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







