Қаңтарда Қазақстанның тұрғын үй нарығы соңғы үш жылдағы ең қатты құлдырауды бастан кешті деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Крышаның дерегінше бір ай ішінде тұрғын үй сатып алу көрсеткіші желтоқсанмен салыстырғанда 47,8 пайызға төмендеп, бар-жоғы 27 745 келісім жасалған
Мұндай құлдырау соңғы рет 2025 жылдың наурызында ғана байқалған. Сарапшылар осы жолғы төмендеуді былтыр желтоқсандағы нарықтағы дүрлігу салдарымен байланыстырады. Былтырғы жылдың соңғы айында тұрғын үйге сұраныс күрт өсіп, 53 мыңнан астам келісім тіркелген еді.
Мамандардың айтуынша, бұған ипотекалық бағдарламалар мен заңдағы өзгерістер туралы қауесет себеп болған. Сөйтіп көптеген сатып алушы, әсіресе жаңа тұрғын үй алуға асығып, нарық жасанды түрде қызып кеткен.
Қазір нарық қалыпты күйіне оралып, қаңтардағы көрсеткіш әдеттегі 25–40 мың келісім аралығына қайта жайғасты. Сатып алушылар әліптің артын бағып, көктемде ипотекалық жеңілдіктердің жаңа толқынын күтіп отыр.
Статистика не дейді?
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, сұраныстың төмендеуі бүкіл аймақты қамтыды. Ең үлкен құлдырау Павлодар облысында – 68,1 пайыз. Сондай-ақ Абай облысында 64 пайыз, Солтүстік Қазақстанда 57,3 пайызға түскен.
Пәтерге сұраныс 47 пайыз, жеке үйге деген қызығушылық 50 пайыз төмендеген. Әдеттегідей, нарықтағы ең өтімді баспана бір бөлмелі пәтер.
Жылжымайтын мүлік саудасында көш басында Астана, Алматы қаласы және Қарағанды облысы тұр. Ал Ұлытау облысы бұл тізімде ең соңғы орында: бір ай ішінде небәрі 283 келісім жасалған.
2025 жылдың қаңтарымен салыстырғанда, республика бойынша тұрғын үй келісімдерінің саны 10,3 пайызға кеміген. Дегенмен, жалпы құлдырау үрдісіне қарамастан, Шымкентте керісінше өсім байқалды мұнда келісім саны 32 пайызға артқан.
Бұған дейін «Отбасы банк» елімізде халал ипотекасы қосылатынын хабарлаған еді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

