Ішкі істер министрлігі қоғамдық қызмет деген желеумен өздерінің арам пиғылын көздейтін блогерлерді әшкерелеп жатыр, — деп хабарлайды ErtenMedia.
Қазақстан бойынша осындай 20-дан аса дерек анықталған.
Көлік полициясының ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасына теміржол компаниясының қызметкерлері шағымданған. Оларға қоқан-лоққы көрсетілген, теміржол қызметкерлері жүйелі түрде бопсалауға ұшыраған.
«Өзін «блогер» ретінде көрсеткен күдікті жолсеріктердің әртүрлі әрекетін олардан ақша бопсалау мақсатында түсіріп отырған. Жәбірленушілерге келтірілген жалпы шығын 48 млн теңгеден асты. Ол бопсалаудың 60 эпизоды бойынша ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылды», — деп жазылған хабарламада.
Жетісу облысында жедел уәкілдер құрылыс саласындағы кәсіпкерден 10 млн теңге талап еткен «блогерді» ұстады. ІІМ мәліметінше, ол тұрғын үй құрылысындағы құқықбұзушылықтар туралы жазбалармен қорқытқан.
Алматы қаласында да сотталған адамнан 10 млн теңге бопсалады деген күдікпен «блогерлер» ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бұған дейін супермаркеттер желісін түсіріп, 27 млн теңге бопсалаған «блогер» құрықталды.
«Қазір қылмыстық іс сотта қаралып жатыр», — деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.
Осыған ұқсас жағдайлар Атырау, Қызылорда және Солтүстік Қазақстан облыстарында да анықталған. Барлық күдікті қылмыстық жауапкершілікке тартылған.
Түркістан облысында «блогерлер» қаралайтын мәліметтерді жариялау туралы қоқан-лоққы жасай отырып, оқу орындарының басшыларынан үлкен көлемде ақша бопсалаған. Сот оларға 3,5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
ІІМ бопсалау үшін заңнамада мүлкі тәркіленіп, 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделгенін ескертеді.