Елімізде ішкі сауда нарығы бәсеңдеп, тұрғындардың сатып алу қабілеті төмендеп барады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Halyk Finance аналитиктерінің зерттеуінше, биылғы 11 айда ішкі сауда 8,8%-ға өскен. Қазан айындағы көрсеткіш 9%-ды құраған болатын. Ел экономикасында маңызды орын алатын сауда секторы жалпы ішкі өнімнің 16,7%-ын қамтиды.
Саладағы негізгі үлес көтерме саудаға тиесілі оның үлесі жалпы айналымның үштен екі бөлігінен асады. Көтерме сауданың өсіміне мұнай өндірісі, ішкі нарыққа жеткізілімдердің артуы және мемлекет шығындары есебінен өнеркәсіптік тауарларға жоғары сұраныс әсер етуде.
Дегенмен мұнда да баяулау байқалады: қараша айында көтерме сауданың өсімі 9,4% болды, ал алдыңғы айда 9,7%-ды көрсеткен еді. Сарапшылар жыл соңына қарай базалық әсер мен бюджет ынталандыру шараларының қысқаруы осы бағыттағы өсімді тежейді деп болжайды.
Бөлшек сауданың да қарқыны төмендеген.
Қаңтар-қараша айларында сектордағы өсім 7,3%-ды құрады. Бұл сегменттің ішінде азық-түлік саудасы жылдамдап, 7,9%-ға өскен. Ал азық-түлікке жатпайтын тауарлардың бөлшек саудасындағы өсім баяулап, 7%-ға дейін төмендеген.
Сарапшылардың пікірінше, үрдіс тұрғындардың нақты табысының азаюынан туындап отыр. 2025 жылдың тоғыз айында халықтың нақты жалақысы 0,4%-ға төмендеген. Сондай-ақ Ұлттық банктің несие беруді реттеу шараларының күшеюі салдарынан тұтынушылық несиелендірудің де өсімі бәсеңдеген.
Мұның нәтижесінде тұрғындардың шығыны негізінен күнделікті қажеттілік тауарларына қарай ығысқан. Сарапшылар осы себептерге байланысты сауда саласының өсімі жыл соңына қарай одан әрі бәсеңдей түседі деген болжам жасайды.
Halyk Finance мамандары бұған дейін де ішкі сауданың өсу қарқыны күрт баяулайтынын ескерткен еді. Олардың айтуынша, көтерме сауда тек мемлекеттік шығындар мен шикізат секторына тәуелді болса, бөлшек сауданың өсімі тұрғындар табысының төмендеуіне қарамастан байқалған.
Бұған дейін Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда теңсіздігі туралы да айтылған. Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының дерегінше, 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында Қытайдан импортталған тауар көлемі 22,8%-ға өссе, керісінше, Қазақстанның Қытайға экспорты 10%-ға азайған.
Сарапшылар арзан импорт ішкі нарықтағы бағаның өсуін біршама тежеуі мүмкін екенін, алайда инфляцияға әсер ететін негізгі ішкі факторларды толық бейтараптандыра алмайтынын атап өткен болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

