Жаңа Салық кодексіне сәйкес, елімізде 1 мыңнан аса бизнес түрі жеңілдетілген салық жүйесінен айырылуы ықтимал. Бұл туралы депутат Айтуар Қошмамбетов мәлім етті, деп хабарлайды Ertenmedia.
Оның айтуынша, бүгінде жаңа қабылданған Салық кодексіне қатысты 230-дан астам қосымша құжат пен ереже қарастырылып жатыр. Қазір негізгі мәселе қандай бизнес түрлерінің жеңілдетілген жүйемен жұмыс істей алатынын анықтау.
«Үкімет жеңілдетілген режиммен жұмыс істеуге болатын небәрі 40 бизнес түрін ғана ұсынды. Ал қалған 1100-ден аса қызмет түріне мұндай мүмкіндік берілмейді екен. Біз бұған қарсымыз», – деді Қошмамбетов «Respublica» партиясының форумында сөйлеген сөзінде.
Депутат мысал ретінде креативті индустрия саласын келтірді. Оның айтуынша, театрлар, кинотеатрлар мен музейлер қызметін негізінен жеке тұлғалар тұтынады.
«Бұл кәсіптерді жалпы салық жүйесіне көшіру оларды бухгалтерия ұстап, маржасының бір бөлігін соған жұмсауға мәжбүр етеді. Осы арқылы олардың кірісі азаяды», – дейді депутат.
Сонымен қатар, тізімнен білім беру саласы, массаж, сұлулық қызметтері және басқа да көптеген бизнес түрлері тыс қалған.
«Бұл салалардың құқығын қорғауымыз керек», – деді Айтуар Қошмамбетов.
Дегенмен, депутат жаңа кодекстегі оң өзгерістерді де атап өтті.
«Мәселен, дивидендтерден алынатын жеке табыс салығын азайтуға қол жеткіздік. Сонымен қатар, аграрлық сектордағы мыңдаған несие серіктестіктерінің қызметін әрі қарай жалғастыруына жағдай жасадық», – деді ол.
Талқылау барысында қызық жағдай да болған. «Үкімет шығын көбейеді деп несие серіктестіктеріне қатысты өзгерістерге қарсы болды. Алайда біз, Мәжіліс депутаттары, бұл мәселені қорғап, аталған ұсынысты қабылдаттық», – деді депутат.
Cалық сарапшысы Айбар Олжайдың айтуынша, депутаттар қазіргі уақытта шектеу қойылатын бизнес түрлерінің тізімін зерттеп жатыр.
«Ұсынылған тізімде 990 ЭҚЖЖ (ОКЭД) түрі бар. Ал Қазақстандағы жалпы бизнес түрлерінің саны шамамен 1100. Яғни, елдегі бизнес түрлерінің 90 пайызына жеңілдетілген салық режимінде жұмыс істеуге тыйым салынуы мүмкін. Біздің ұсынысымыз жеңілдетілген жүйені бұрынғы күйінде қалдыру», – дейді ол.
Еске сала кетсек, бұған дейін Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин жаңа Салық кодексі аясында кәсіпкерлердің қызмет түрлерінің тізімін құру бойынша жұмыс жүріп жатқанын айтқан еді. Оның айтуынша, аталған тізім қыркүйек айында «Ашық НҚА» сайтында талқылауға шығарылады.