Бас прокуратура мыңдаған қазақстандық кибералаяқтардан зардап шеккенін мәлімдеді, — деп хабарлайды ErtenMedia.
Сенгіш азаматтарды алдау үшін заманауи IT-технологиялар мен психологиялық манипуляциялар кеңінен қолданылған. Мәселен, телефон алаяқтары Алматы қаласында 82 жастағы зейнеткерді 67 млн теңгеге қатарынан 14 транзакция жасауға көндірген.
«Олар өздерін күштік органдардың қызметкерлері деп таныстырып, жәбірленушіге оның шоттары арқылы жасалған террористік шабуыл туралы хабарлаған», — деп жазылған хабарламада.
Бұдан бөлек қайтыс болған адамдарға және біздің елде ешқашан болмаған шетелдіктерге биометрия өткізбестен микроқарыздар беріліп жатқаны айтылды, банк шоттары ресімделіп, олар арқылы көптеген алаяқтық транзакциялар жасалған.
«Ақтөбе облысында «Кредит 365 Казахстан» және «Авто Сыйлық» микроқаржы ұйымдары биометриясыз 2023 жылдың шілдесінде қайтыс болған азаматқа микроқарыздар ресімдеген», — деп жазылған хабарламада.
Бас прокурордың тапсырмасы бойынша былтыр желтоқсаннан бастап өкілеттіктерін теріс пайдаланғаны және міндеттерін тиісінше орындамауы салдарынан азаматтардың алаяқтар айласына түсуіне әкеп соққан микроқаржылық ұйымдар мен байланыс операторларына қатысты 71 қылмыстық іс басталған.
«Ұсталған адамдар бар. Батыс Қазақстан облысында елімізге ешқашан келмеген Украина азаматына шот ашқан екінші деңгейдегі банкінің 2 қызметкеріне қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр. Осы тұлғаның шотына жәбірленушілер өздерінің жинаған қаражаттарын аударып отырған (залал 1 миллион теңге). Қазір банк қызметкерлері өкілеттіктерін теріс пайдаланды деген күдіккке ілінді (ҚК-нің 250-бабы). Билайн, Теле-2 ұялы байланыс операторларының қызметкерлері мен олардың дистрибьютерлеріне қатысты ҚК-нің 211 және 254-баптары бойынша 4 іс қозғалды: БҚО-да 2 іс, Қарағанды мен Алматыда біреуден. Олар алаяқтарға азаматтарды алдау үшін пайдаланылған мыңдаған сим карталарды тіркеуге көмектескен», — деп жазылған хабарламада.