Белгілі кәсіпкер, Lanzhou мейрамхана желісінің негізін салушы Гүлбану Майғарина Қазақстандағы салық саясатына қатты алаңдаулы, — деп жазады ErtenMedia.
Үкімет салық саласын кеңейтудің орнына бұрыннан адал салық төлеп келген кәсіпкерлерге жүктемені ұлғайтуға кіріскен. Майғарина бұл тәсілдің тиімсіз екенін айтып отыр.
2021 жылы дивидендтерге 10 пайыздық табыс салығы енгізіле сала салықтық түсімдер күрт кеміп кеткен. Бұл елдің тарихында бұрын-соңғы болмаған оқиға. Мұның себебі неде?
«Бизнеске қысым артқан сайын, заңды жолмен жұмыс істеу тиімсіз болып қалады да, кәсіпкерлер «көлеңкеге» кетуге мәжбүр болады. Үкіметтің қосылған құн салығын (ҚҚС) 20 пайызға дейін көтеру жоспары жағдайды одан сайын ушықтырады», — дейді Майғарина.
Кәсіпкердің пікірінше, елімізде адал еңбекпен бизнес жүргізу күн өткен сайын қиындап барады. Қазақстанда табыс таппай тұрып-ақ салық төлейтін жүйе қалыптасқан.
«Жұмысшы жалдау үшін жалақы қорына 40% салық аударасың. Айына шамамен 250 мың теңгеден жоғары айналымың болса, әр тоқсан сайын қосымша ҚҚС төлеп отыруға міндеттісің (таза табысың бар-жоғына қарамастан)», — дейді Гүлбану Майғарина.
Оның атап өткеніндей еліміздегі бизнестің маржиналдығы төмен, кәсіптің көлемі сәл ұлғайса болды, жаңа салық түрлері қосыла кетеді. Корпоративтік табыс салығы (КТС), алдын ала салық төлеу талабы, 100 млн теңгеден артық пайда тапқан жағдайда дивидендтерге салынатын жеке табыс салығы, бәрі-бәрі жинала келе адамның кәсіп бастауға деген құлшынысын тежейді.
Кәсіпкер Үкімет шағын және орта бизнесті (ШОБ) қолдаудың орнына керісінше кеудесінен кері итеріп жатыр деген пікірде.
«Қазақстандағы еңбекке жарамды тұрғындардың саны 9,2 млн болса, шағын және орта бизнес осының тең жартысына жуығын (4,3 млн адам) жұмыспен қамтуда. 2,2 млн адам осы бір бейнеті көп салада жүр.
Иә, бюджетке түсетін салықтың небәрі 5%-ын ШОБ төлейді, дегенмен елдегі жұмыс орындарының 70%-ы соларға тиесілі. Тіркелген 2 млн компанияның тек 700 мыңы ғана белсенді, оның 200 мыңы жылына 100 мың теңгеден аз салық төлейді.
Соған қарамастан Үкімет ҚҚС төлеу шегін 15 млн теңгеге дейін төмендету мәселесін талқылап жатыр, мұндай жағдайда кәсіпкерлердің 80%-ы қосымша салыққа ілінеді», — дейді Гүлбану Майғарина.
Экспорт саласы да ақсап тұр. 546 экспорттаушы компанияның 200-і ғана өнімін анда-санда шетелге шығарады. Мұндай төмен көрсеткіштің негізгі себебі – салықтық ауыртпалық. Іргедегі Ресейде мұндай ұйымдардың саны 30 мыңға жуықтайды екен.
Кәсіпкер осы ретте келесідей ұсыныстарды назарға алу керектігін айтады.
— Бизнеспен «нақты пайда түскеннен кейін» ғана салықтық есептесу тетігін енгізу.
— ҚҚС шегін төмендетпей, керісінше жоғарылату.
— Бөлшек салықты өзгеріссіз қалдырып, біртұтас ставка енгізіп, чек бойынша салықты автоматты түрде ұстауды заңдастыру.
— Салық мөлшерлемесін әділ деңгейде ұстап, кәсіпкерлердің заңды негізде табыс табуына мүмкіндік беру.
«Біз Ресей емес, Қытайдан үлгі алуымыз керек», – дейді кәсіпкер. Қытайда ҚҚС негізгі мөлшерлемесі 13%, кей секторда 9%, 6%, шағын бизнеске 3%.
«Біздің Үкімет әдетте салық ауыртпалығы көп елдерден үлгі алып, оны автоматты түрде қайталауға бейім. Бюджет дефицитін жабу үшін алғашқы қадам салықты көтеру деген түсінік қалыптасқан. Бірақ бұл тактика түбі тиімсіз. ШОБ ел экономикасының тірегі. Егер Үкімет расымен дамуды көздесе, салықтық ынталандыру тетіктерін жетілдіру, бизнеспен диалог орнатуды ойлауы керек», – дейді Гүлбану Майғарина.