Қазақстанда такси қызметінің құны алдағы уақытта айтарлықтай қымбаттауы мүмкін. Себеп мемлекет пен интернет-платформалар арасындағы жүргізушілердің әлеуметтік төлемі жөніндегі келіспеушіліктер деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
31 арнаның дерегінше бүгінгі таңда нарықта агрегаторлардың екі жұмыс үлгісі бар. Біріншісі транзакциялық модель, мұнда төлемдер платформа арқылы жүреді. Ал екіншісі клиент тікелей жүргізушіге ақша төлейтін P2P моделі. Жаңа Салық кодексі бойынша барлық агрегаторлар төлем түріне қарамастан әлеуметтік төлемдер үшін жауап беретін салық агенті болуы тиіс.
Такси және курьерлік қызметтер қауымдастығының төрағасы Мейрамбек Әбілқасов мәселенің түп-тамыры ақша айналымын реттеуде жатқанын айтады.
«Мәселе былай: жүргізуші тапқан табысының белгілі пайызын платформаға береді. Сол 4 пайызды жүргізушіден ұстап, жинақтап, ай сайын салық органдарына аударып отыру керек. Алайда агрегаторлар мұндай міндетті мойнына алғысы келмейді. Мемлекеттік кірістер комитеті болса, осы жауапкершілікті бизнеске жүктеуді талап етуде», – дейді ол.
Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов өзгерістер бизнес үшін тиімсіз болатынын айтып отыр.
«Мемлекеттің позициясында да белгілі логика бар. Олар платформалық жұмыспен қамту жүйесіне көшуді ынталандыруды мақсат етіп отыр. Дегенмен бизнес бұған дейін қалыптасқан тәртіппен жұмыс істеп келді. Енді жаңа тәртіпті қабылдауға мәжбүр болғандықтан, бәсекеге қабілеттілігі төмендейді», – дейді Жаркенов.
Компания өкілдерінің ұстанымы қандай?
P2P моделімен жұмыс істейтін компания өкілдері комиссиялық төлемдердің күрт артуы мүмкін екенін ескертіп отыр. «АПАРУ» ЖШС заң мәселелері бойынша кеңесшісі Виктор Нещеретнев транзакциялық модельге көшудің шығыны көп екенін түсіндірді.
«Комиссиялар кем дегенде 24 пайызға артады. Транзакциялық модельде жоғары комиссияның болу себебі қаржылық операциялардың, банк аударымдарының, халықаралық төлем жүйелерінің шығындары бар. Ал біздегі P2P жүйесінде адамдар бір-бірімен тікелей есептеседі, мұндай шығындар жоқ», – дейді ол.
Такси қауымдастығы өкілдері жаңа талапқа бейімделу үшін екі жылдық өтпелі кезеңді енгізуді ұсынды.
Қаржы министрлігінің дерегі бойынша, қазірдің өзінде нарықтағы 33 платформаның 27-сі салық агенті ретінде жұмыс істеп жатыр. Пилоттық жоба барысында әлеуметтік төлемдер бойынша 400 мыңнан астам операция орындалып, зейнетақы қорына 3,7 миллиард теңге аударылған.
Осы бойынша түпкілікті шешім алдағы екі апта ішінде вице-премьердің басшылығымен өтетін арнайы отырыста қаралады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







