Полиция пікірі
Көші-қон қызметінің мәліметі бойынша 5 күн ішінде 46 мың көлік тексерілген, нәтижесінде 1 080 шетелдік азамат жеке тасымалдаумен айналысқаны анықталған.
«Олардың 691-і мобильді қосымшалар арқылы көші-қон заңнамасын бұзып, жеке тасымалмен айналысқан», — деп жазылған хабарламада.
234 шетелдік заңсыз еңбек қызметін жүзеге асырғаны үшін, 457 шетелдік ҚР-да болу мерзімін бұзғаны үшін жауапқа тартылды.
Сот шешімімен 175 шетелдік такси жүргізушісі ел аумағынан шығарылды. Олардың 103-і жеке басын анықтау үшін қабылдау-тарату орындарына орналастырылған.
Сонымен қатар, 38 қазақстандық шетелдік азаматтарды заңсыз жұмысқа тартқаны үшін әкімшілік жауапқа тартылды.
Бұған дейінгі жағдай
Айта кетейік, бұған дейін де Қазақстанда 4 мыңнан аса шетелдік заңсыз таксист болып жұмыс істеген.
Жуырда Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы такси жүргізушілерінің жағдайы қиындайтынын айтып, премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Склярға үн қатты.
Депутаттың сөзінше, тәулік бойы тыным таппай жолаушы тасымалдайтын такси мен автобустың тізгінін ұстаған азаматтарды тәртіпке саламыз деп, Үкімет Мәжіліске заң жобасын ұсынған. Оның мақсаты — жолаушыларды автомобильмен тасымалдау саласындағы мемлекет құзыретінің бір бөлігін өзін-өзі реттеу ұйымдарына беру, «СРО» құру.
«Бұған сарапшылар әуел бастан қарсы болды, Мәжілісте де талай түйреп, сынымызды дәйекпен айттық. Бірақ мемлекеттік органдар тасжолдағы қауіпсіздікті өздері ретке келтіре алмай отырып, жауапкершілікті жекеменшік ұйымға ысыра салуға бағытталған бағдарынан бас тартпай отыр», — деп сынады депутат.