Премьер-министр Олжас Бектеновтің «Ілгерілеуге бастаған алты жыл: Қазақстан орнықты даму жолында» атты Үкімет порталында жарияланған сұқбатын оқып, танысып шықтым. Бектенов өз мақаласында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен соңғы алты жылда Қазақстанда экономикалық және әлеуметтік дамудың маңызды жетістіктеріне тоқталады. Білім саласының маманы ретінде мені отандық білім беру жүйесінде бірқатар маңызды реформалар жүзеге асырылғаны қуантады. Бұл өзгерістер оқу сапасын арттыру, қолжетімділікті кеңейту және цифрландыру бағытында жүргізілген. Бектеновтың сөзінше, 2019 жылдан бері елде 1 200-ден астам жаңа мектеп салынып, 1 миллионға жуық оқушы орны ашылған.
«Ауылдық жерлердегі 3 мыңнан астам мектеп жаңғыртылды. Бұл 32 апатты жағдайдағы және 71 үш ауысымды мектептің мәселесін, сондай-ақ еліміздегі 200 мектептегі орын тапшылығын шешуге мүмкіндік берді. Биыл шамамен 200 мектептің құрылысы жалғасады. Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, аудан орталықтары мен ауылдарда 1 мың мектепті жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл өте маңызды бағыт, өйткені еліміздегі орта мектептердің 2/3 бөлігі ауылдық жерлерде орналасқан»,- делінген мақалада.
Бектеновтың жазуынша, мектепке дейінгі біліммен қамту 98%-ға жетіп, балабақша тапшылығы 5 есеге азайды. 2019 жылы қабылданған «Педагог мәртебесі туралы» заң аясында мұғалімдердің жалақысы 2,5 есеге өсті, артық жүктеме азайтылды. Жаңартылған білім мазмұны енгізіліп, креативті ойлау, кәсіпкерлік және IT бағыттары дамытылды. STEM пәндеріне басымдық берілді. Барлық мектептер интернетпен қамтамасыз етіліп, қашықтан оқыту жүйесі дамыды. Білім саласындағы реформалар инфрақұрылымды жақсартуға, мұғалімдерді қолдауға және білім сапасын арттыруға бағытталды. Бұл өзгерістер Қазақстанның білім жүйесін халықаралық стандарттарға жақындатуға мүмкіндік берді.
«Президент жариялаған «Жұмысшы мамандықтары жылы» техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жетілдіруге тың серпін берді. Жаңа экономика үшін білікті әрі сұранысқа ие кадрларды даярлау мақсатында колледждер мен өнеркәсіптік кәсіпорындар арасындағы ынтымақтастық нығайтылуда. Қазіргі уақытта 498 компания 410 білім беру мекемесін қамқорлыққа алды, «Жас маман» жобасы аясында 180 колледж жаңғыртылды. Колледж студенттерінің стипендиясы 50%-ға ұлғайтылды. ЖОО студенттеріне арналған 62 мың орындық 251 жатақхана пайдалануға берілді»,-делінген Бектенов мақаласында.
Мен ардагер-ұстаз ретінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауларын үнемі тыңдап, газетке жарияланған мақалаларын оқып, сараптап, көңілге қонымды тұстарын өзіме түртіп қоямын. Расында соңғы алты жылда Президент мемлекеттің орнықты дамуы үшін маңызы зор экономикалық мәселелерге баса назар аударды. Шағын және орта бизнесті қаржыландыруды күшейтуді тапсырды. «Банктер туралы» заң қабылдау қажеттігіне тоқталып, инвестициялық ахуалды жақсарту, бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасау қажеттігін атап өтті. «Amanat» партиясының брендіне айналған «Ауыл аманаты» жобасын оң бағалап, оны кеңейте түсуді тапсырды. Сондай-ақ еліміздің өнеркәсіп әлеуетін толық пайдалану, инфрақұрылымға қатысты өзекті мәселелерді шешу, кадрлық әлеуетті арттыру мәселесі де назардан тыс қалмады. Аталған мәселелер Президент айтқан орта тапты қалыптастырудың негізі болмақ. Осы мәселеге қатысты Олжас Бектенов Үкіметтің отырысын өткізіп, онда Жолдауды іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасы қаралды. Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров экономиканың орнықты өсуін қамтамасыз етіп, азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсартуды көздейтін 76 іс-шарадан тұратын жоспар ұсынды. Іс-шараларда білім беру, денсаулық сақтау және спорттың қолжетімділігі мен сапасын арттыру, оның ішінде қаржыландыру мәселелеріне қатысты түйткілдерді шешу көзделген. Аталған мақсаттарды шешуде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігін, «Әлеуметтік әмиян» құралын пайдалану, білім гранттарын саралау «Ақша баланың соңынан жүреді» қағидаты бойынша мемлекеттік тапсырыс аясында мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды қаржыландырудың оңтайлы моделіне ерекше назар аударылды.
Президент айтқандай, «Негізі мақсат – әділетті қоғам құру және сол арқылы дамудың сара жолына түскен озық ел болу». Осы ретте Президент бастамалары мен тапсырмаларының жүзеге асырылуына бүкіл халық болып атсалысу қажет. Өйткені Президент өткен жылғы Жолдауында халықтың құқықтық мәдениеті артып, қоғамда оң өзгерістер байқалып келе жатқанын атап өтті.
«Қазақстан халқы қазір мүлде жаңа саяси жағдайда өмір сүруде. Соңғы бес жылда ауқымды реформалар жасалды. Еліміздің саяси жүйесі түбегейлі өзгерді. Жұрттың сана сезімінде сілкініс жаңаға деген бетбұрыс жасалуда. Нәтижесінде азаматтардың бойында жаңа әдеттер, дағдылар қалыптасып, жаңа құндылықтар орнығуда. Саяси және қоғамдық болмысымыз, менталитетіміз және мәдени кодымыз өзгере бастады. Бір сөзбен айтқанда, Әділетті Қазақстан құрылып жатыр», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында.
Әділетті Қазақстан орнықтырудың басты ұраны да, құралы да заң мен тәртіп болуы керек. Бұл, әсіресе бүгінгі түрлі пікірлер мен көзқарастардың тайталасы ушыға түсіп, кейде жеке адамның ар-намысын аяқ асты ететін, кейде Құдайға да, Құранға да қарсы шығып ата салтты мансұқтап, үлкендердің айтқанына құлақ асудан да қалып бара жатқан қоғам үшін ауадай қажет. Алдағы уақытта қоғам болып жұмылып, Жолдаудағы осы үш қағиданы, яғни заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизімді ортақ мүдде мен мақсаты айқындалған басты идеология деп қарастырған жөн.
Президент бюджет шығыстарын азайтып, кірістерін көбейту жолдарын ұсынды. Экономиканы әртараптандыру арқылы бірқатар жетістікке қол жеткендігінен хабардармыз. Президент Үкімет пен әкімдерге еліміздің тұрақты дамуына мүмкіндік беретін жаңа тетіктерді тауып, экономиканың құрылымын өзгертуді тапсырды. Экономика өскен сайын әлеуметтік теңсіздік азайып, орта топтың күшейе түсетінін, кез келген істің тиімді өлшемі, әрбір шешімнің нәтижесі, әрбір жобаның ең алдымен елге пайдалы болуы керектігін ескертті.
Президент өз Жолдауларында елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын оңтайландыратын негізгі салаларды, атап айтқанда мемлекеттік басқару ісінен бастап несие және инвестиция саясатына дейінгі мәселелерді түгел қамтып келеді. Жүктелген міндеттерді тиімді әрі уақытылы орындау үшін бірыңғай экожүйе аясында жұмыс істеу аса маңызды. Қазір жаңа инвестициялық кезеңге аяқ басатын уақыт келді. Байқап отырсақ, инфляция баяулап, өткен жылдардағы жоғарғы деңгейден айтарлықтай төмендеген. Еліміздің халықаралық резерві айтарлықтай өскен. Ендігі басты міндет – инвестиция үшін отандық бизнестің тұрақты болуын қамтамасыз етіп, экономиканың инновациялық, жоғары технологиялық секторларын дамыту.
Соңғы алты жылда Президент шағын және орта бизнесті жетілдіруге баса назар аударды. 2029 жылға қарай орта бизнестің ел экономикасындағы үлесін 15 пайызға жеткізу көзделді. Бүгінде отандық кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсететін түрлі мемлекеттік және жеке сектордағы компаниялар бар. Алайда жекелеген кейстерді қарастырсақ, мемлекеттік қолдау шараларын әлі де бірізділікке салып, тиімділігін арттыра түсіру қажеттілігі байқалады. Біз «Fin Tech» және IT-жобалары арқылы көрсетілетін қызметтер мүмкіндігін күшейтуіміз қажет. Тағы бір маңызды мәселе — терең өңделеген өнім экспорты. Мемлекет басшысы өңдеуші сектор өзге бизнеске қарағанда көбірек қолдауға ие болуы керегін кесіп айтты. Иә, экспорттың ұлттық экономиканы жаңа деңгейге шығаратын тетік екені белгілі.Экспорттың артқаны-жаңа жұмыс орнының көбейгені, өндіріс көлемінің ұлғайғаны. Оған қосымша салық пен ел экономикасына құйылатын инвестицияны қосыңыз.
Бүгінде көптеген ел табиғи, экологиялық таза азық-түлік өнімдеріне зәру. Олай болса, біз бірінші кезекте ел тұрғындарын табиғи, сапалы ауыл шаруашылығы тауарларымен, әсіресе бау-бақша өнімдерімен барынша қамтамасыз етіп, экспорттыңда үлесін арттыруды естен шығармауымыз керек. Мемлекет 2024 жылы егін науқанына екі есе көп қаражат бөлді. Бірақ осы агроөнеркәсіпке бөлінетін бүкіл ақшаның 70 пайызы мемлекет қаржысы. Президент осы жерде орынды мәселе көтеріп, Үкіметке бұл салаға коммерциялық банктердің қаражатын да тартуды тапсырды. Осыған дейін дихандарды қолдап келген мемлекеттік қаржы институттарын субсидиялау шараларын банктерге қатысты жобаларға да қолдану-құптарлық қадам. Мұның бәрі шаруаларды айналымға қажетті қаражатпен шұғыл қамтамасыз етуге, сыбайлас жемқорлық қатерін азайтуға, және несие алуды оңтайландыруға жол ашады. Агроөнеркәсіп кешенін тікелей субсидиялау тәсілінен арзан несие беру тәсіліне біртіндеп көшу- аса маңызды міндет деп Қасым-Жомарт Кемелұлы бөлінген қаражаттың бәрі тиімді жұмсалуға тиіс екенін де ескертті. Ол үшін бұл саладағы цифрлардың нақтылығы аса маңызды мәнге ие.
Былтыр Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығындағы деректердің үйлеспейтінін сынға алған еді. Шындыққа жанаспайтын ақпарат пен мәліметтердің бұрмалануы – саланың нақты жағдайын бағалап, тиімді шешімдер қабылдауға кедергі келтіруде. Жолдауда айтылғандай, арнайы комиссия 2 миллион ірі қара мен 3 миллионнан астам ұсақ малдың есепте жоқ екенін анықтады. Егін шаруашылығында да жалған мәліметтер кең таралған. Бұл жағдай, Мемлекет басшысы атап өткендей, шын мәнінде, субсидия алу үшін жасалған көзбояушылық пен қаржыны жеке мүддеге пайдалану әрекеттерінің салдары. Мұндай заңбұзушылықтарға шұғыл тосқауыл қойылып, қажет болған жағдайда қылмыстық жауапкершілік қарастырылуы тиіс. Өйткені бұлай жалғаса берсе, мемлекет өз халқын тұрақты және қауіпсіз азық-түлікпен қамтамасыз ету міндетін орындай алмайды. Сондықтан бұл саладағы заң мен тәртіп күшейтілуі керек. Бұл тапсырмалардың орындалуы тікелей жаңадан сайланған аудан және ауыл әкімдерінен сұралуы тиіс.
Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ұсынғанына алты жылға жуықтады. Осы аралықта қоғам мен билік арасындағы қарым-қатынас мәдениеті айтарлықтай өзгерді. Мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға бағытталған бұл бастама мемлекет пен қоғам арасындағы диалогты жаңа, сапалы деңгейге шығарудың маңызды қадамы болды. Соның ішінде, әкімдерді тікелей сайлау жүйесінің енгізілуі еліміздегі саяси жүйенің жетілуіне оң ықпал етуде. Бұл қадам жергілікті басқарудың ашықтығын арттырып, халықтың өз өкілдерін таңдау мүмкіндігін кеңейте түсті.
Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, ауыл әкімдерін тікелей сайлау жүйесі енгізілген 2021 жылдан бері 2,5 мыңға жуық әкім сайланған. Ендігі міндет – жаңадан сайланған әкімдер әр ауылдың әлеуметтік-экономикалық даму жоспарын әзірлеуі тиіс. Бұл жоспар ауыл тұрғындарының табысын арттырумен қатар, олардың өзін-өзі қамтамасыз етуіне мүмкіндік беретін үй іргелік жерлерді тиімді пайдалануын қамтуы қажет. Сондай-ақ, жеке шаруа қожалықтары, диқандар мен фермерлерді, қайта өңдеу кәсіпорындарын біріктіретін ауыл шаруашылығы кооперативтерін құрып, олардың тұрақты және тиімді жұмысын ұйымдастыру мен дамыту басты мақсат болуы тиіс. Ал аудан әкімдері ауыл әкімдеріне мемлекет ұсынып отырған зор мүмкіндіктердің келешегі туралы ақпараттық түсіндірме жұмыстарын жүргізуі қажет. Ауыл әкімдерінің даму жоспарларын жинақтап, талдап, дұрыс жақтарын көрсетіп,ал ескерілмеген мәселелермен жұмыс жасауға бағыт бергені дұрыс. Мысалы аймақ бір жылда 65 өнім түрін тұтынатын болса, оның 13 түрі о бастан облыстан шығарылмайды.Қалған 52 өнім түрінің 7 түрімен ғана 100 пайыз қамтамасыз етілген. Ал өзге 45 өніммен қамтамасыз ету республиканың басқа аймақтары мен импорт есебінен жабылуда. Сонда бір жылда ауданнан миллиардтаған тенге сыртқа кетуде. Есептеп көрсеңіз, сол қаражатқа ауылдарда қаншама жұмыс орындарын ашуға болар еді. Мемлекеттің несиесін алмай-ақ жеке кәсібін оңтайлы жүргізу арқылы өзін-өзі қамтамасыз етіп, табысқа кенеліп отырған отбасылар республикада аз емес. Бір отбасы басында 500 тауық асыраудан бастап, қазір өздері ғана емес, өзге жерлестерін де жұмыспен қамтып, толық бір аудан орталығын жұмыртқамен қамтамасыз етіп отыр. Жетпіс жастан асқан бір ақсақал үй іргесіндегі 600 шаршы метр аумаққа жылыжай орнатып, қиар, құлпынай,көк жуа, аскөк,жүзім өсіріп, ешкімнің көмегінсіз-ақ,тамшылатып суару технологиясын іске қосқан. Сол зейнеткер бір жылда 9 тонна таза, табиғи өнім жинауда. Әрине осындай қарияларды көпке үлгі қылу арқылы, жастарды ынталандыру маңызды. Мемлекеттік бағдарламаға иек артпай-ақ шаруасын дөңгелетіп, мол табысқа қол жеткізіп жүрген мысалдар аз емес. Өз ауласынан 18-30 тоннаға дейін өнім жинап, пайдасын көріп отырған ел тұрғындары бар. Ойлап көріңіз. Әр аула осынша өнім берсе, онда бүкіл ауыл жұмылса мыңдаған тонна өнім алынар еді.Басында айтып кеткен ақпараттық жұмыс арқылы аудан әкімдері осындай қарапайым еңбек адамдарына құрмет көрсетіп, жан-жақты насихаттауы керек-ақ.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында қолға алынған «Тауарлы несие» жобасын жүзеге асыру ауыл әкімдерінің тікелей айналысатын мәселесі болуға тиіс. Жобаның мақсаты- әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларды кәсіпкерлікке тарту және жеке табысын арттыру. Тетігі өте қолайлы. Мемлекеттік бюджеттен бір тиын жұмсалмайды. Әр аймақтағы ірі шаруа қожалықтары есебінен ауыл тұрғындарына мал түрінде «Тауарлы несие» беріледі. Мәселен ірі қара малдың аналығы он бастан, қой аналығы 15-20 бастан, биелер бес бастан бастап үлестіріледі. Осы несие түріне қол жеткізгісі келген азамат жергілікті атқарушы органға қандай малдың түрі, қанша бас керектігін айтып,өтінім береді. Жергілікті атқарушы орган қарыз алушыдан тиісті құжаттарды алғаннан кейін тауарлық несие беруші операторды анықтайды. Тауарлы несие мақұлданғаннан кейін қарыз алушы мен қарыз беруші арасында тауарлық несие беру туралы үш жақты шарт жасалады. Демек малды берген кәсіпкердің тәуекелі болмайды. Өйткені ауыл әкімі кепіл ретінде қол қойып отыр. Алынған мал 7жылдан аспайтын мерзімге беріледі. Әрбір қанат қақты жобада кемшіліктер болуы да түсінікті. Мәселеге байыппен қарап, алға қарай дұрыс қадам жасалуы тиіс. Жақсы мысалдар да баршылық. Батыс Қазақстан облысындағы 37 ауыл жұмыссыздықты толық жойған.
«Жұмысшы мамандықтар жылына» қайта оралсам, Мемлекет басшысының қарапайым еңбек адамдарына ерекше құрметпен қарайтыны, олардың қоғамдағы рөлі мен кәсіби жетістіктерін жоғары бағалайтыны қуантады. Үкіметке республикадағы 772 колледжде 15 бағыт бойынша мамандар даярлайтын кәсіптік-техникалық білім беру жүйесін жетілдіру тапсырылды. Бұл жұмыс елдегі өндіріс пен ауыл шаруашылығының қарқынды дамуына, жаңа өндіріс орындарының ашылуына және экономика өсіміне сәйкес жүргізілуі тиіс. Сонымен қатар, бизнес, еңбек нарығы және жастардың сұраныстарын ескеретін кешенді жоспарлар әзірлеу міндеттелді. Бұл бастама жұмысшы мамандықтарының беделін арттырып, ел экономикасының дамуына оң әсерін тигізеді.
Президенттің тапсырмасы аясында жоғары кәсіби және әлеуметтік статусқа ие мамандарды даярлау басты міндет болып отыр. Бұл мамандар тұлғалық және кәсібилік тұрғыдан өзін-өзі дамытуға ұмтылатын, еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіби мамандар болуы тиіс. Жастар арасындағы жұмыссыздықты азайту мақсатында мемлекеттік шығындарды қажет етпейтін келесі бағыттарды ұсынуға болады:
Білім беру мен кәсіптік оқуды жетілдіру – мектептен бастап жұмысқа орналасуды жеңілдету және еңбек дағдыларының нарық сұранысына сай болуын қамтамасыз ету.
Ауыл шаруашылығы мамандарын даярлау – ауылдық жерлерде жұмыспен қамтуды арттыру үшін нақты шаралар қабылдау.
Еңбек нарығындағы аз қамтылған жастарға қолдау – оларды тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз ету саясатын жалғастыру.
Кәсіпкерлікке және өзін-өзі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу – кәсіби кеңес беру арқылы жастарға жеке кәсібін ашуға көмектесу.
Жастарға кәсіптік бағдар беру – олардың әлеуетін анықтап, сәйкес мамандықтар бойынша білім алуына жағдай жасау. Бұл шаралар жастардың жұмысқа орналасу мүмкіндігін арттырып, елдегі экономикалық өсімге оң ықпал етеді деген сенімдемін.
Ергешов Абай Жомартұлы
ҚР Білім беру ісінің үздігі
ардагер-ұстаз
Қызылорда облысы
Шиелі ауданы