Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті CAREC институтының халықаралық гранттық байқауының жеңімпазы атанды. Бұл қазақстандық университеттің ғылыми әлеуетін айқындап қана қоймай, халықаралық серіктестіктің жаңа кезеңіне жол ашып, инклюзивті және цифрлық білім беруді дамытуға бағытталған маңызды қадам, деп жазады Ertenmedia.kz.
Осыған орай университетте Орталық Азия Өңірлік Экономикалық Ынтымақтастық (ОАӨЭЫ, CAREC) институтымен бірлескен «Инклюзивті білім беру үшін жасанды интеллектіні пайдалану: ОАӨЭЫ өңірі үшін масштабталатын модель» атты халықаралық іс-шара өтті. Халықаралық жиын барысында шетелдік сарапшылар университеттің цифрлық және инклюзивті трансформация бағытындағы бастамаларына жоғары баға берді. Сонымен қатар ЖИ-дің бағдарламалау мен педагогикалық әдістемелерді жетілдірудегі рөліне ерекше назар аударып, ЖИ технологияларын білім беру үдерісіне енгізудің болашағы мен халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамыту жолдары талқыланды.
Ғылыми жиынға ҚР ҒЖБМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының м.а. Гүлжан Жарасова, CAREC институты Әлеуетті арттыру жөніндегі маман Стивен Хао Лю, Стэнфорд университетінің Жасанды интеллект саласының профессоры, LiveTech.AI компаниясының негізін қалаушысы Юнес Бенсуда Мурри, Назарбаев Университетінің Смарт жүйелер және жасанды интеллект институтының (ISSAI) бас директоры Хусейн Атакан Варол сияқты жасанды интеллект және инклюзивті білім беру саласындағы халықаралық және отандық сарапшылар қатысты.
Қазіргі таңда университетте инклюзивті білім берудің жаңа моделін ескере отырып, жаңартылған білім беру бағдарламалары әзірленді. Барлық білім беру бағдарламаларының 3-курс студенттері үшін «Білім беру процесінде жасанды интеллектіні қолдану» бойынша пән енгізілді. Сонымен қатар жасанды интеллект және цифрлық технологиялар бағытында 3 мемлекеттік қаржыландырылатын гранттық ғылыми жоба жүзеге асады.
АҚШ, Еуропа және Орталық Азия елдерінен келген халықаралық сарапшылардың тәжірибесі мен идеялары негізінде инклюзивті білім беруге жасанды интеллектіні енгізудің аймақтық жол картасы әзірленіп, бүкіл Орталық Азия өңірінің білім кеңістігін жаңғыртуға жаңа серпін бермек.