Қазақстанның АҚШ-тағы елшілігі Америка Құрама Штаттарының көші-қон саясатының қатаңдауына байланысты мәлімдеме жасады. Бұл өзгерістер елдің шекаралық қауіпсіздігін күшейтіп, заңсыз көші-қонды азайтуға бағытталған, — деп хабарлайды ErtenMedia.
АҚШ аумағында жүрген қазақстандық азаматтарға америкалық биліктің талаптарын қатаң сақтауға кеңес берілді.
Елшіліктің мәліметінше, қабылданған шаралар заңсыз келген шетелдіктерге, яғни жарамды визасы немесе грин картасы жоқ адамдарға қатысты. Бұл шектеулер елден шығарып жіберу, қамауға алу сияқты мәжбүрлеу шараларын қамтиды. Сонымен қатар, әлеуметтік төлемдер, жұмысқа рұқсат беретін құжаттар және басқа да жеңілдіктер алынып тасталады.
Америкалық билік заңсыз жүрген шетелдіктерге АҚШ аумағынан өз еркімен кету мүмкіндігін ұсынады. Бұл шешім мәжбүрлі депортация мен кейіннен елге кіруге тыйым салу қаупін болдырмауға көмектеседі.
Бұған дейін АҚШ-та Трамптың инаугурациясынан кейін иммиграциялық рейдтер өтетіні хабарланған болатын. Алғашқы тексерістер Чикагода басталып, кейін Нью-Йорк, Лос-Анджелес, Денвер және Майами қалаларында жүргізілетіні хабарланды.
Бұл шараларға АҚШ иммиграциялық және кедендік бақылауының 200-ге жуық қызметкері қатысады, ал басты назар бұрын қылмыс жасаған адамдарға аударылады.