Қазақстан экономикасында мұнайдың дәуірі аяқталып келеді. Елдің ішкі жалпы өніміне қара алтынның қосар үлесі алдағы жылдан бастап азая түседі деп хабарлайды Ertenmedia.
Қазақстан Growth Forum жиынында сөз алған вице-премьер Серік Жұманғарин осы мәселеге ерекше тоқталды. Оның айтуынша, елде мұнай өндіру ең жоғары деңгейге жеткен. Алдағы жылдан бастап одан түскен табыс экономиканың негізгі көрсеткішін айтарлықтай өсіре алмайды.
«Мұны жақсы жаңалық деп қабылдауға болатын шығар. Мұнайдың көлеңкесінде қалған өңдеу өнеркәсібі өткен жылы ІЖӨ-ге 12,4 пайыз үлес қосты. Мұнай өндірісінің үлесі 12 пайызға жетті. Биыл да шамамен осы деңгейде сақталады. Бірақ алдағы уақытта мұнайдың экономикадағы рөлі әлсірей береді. Осы тұрғыдан 2025 жыл ел экономикасы үшін маңызды межеге айналмақ», – деді вице-премьер.
Соңғы 14 жылда Қазақстанның жалпы ішкі өніміндегі мұнай секторының үлесі екі есе қысқарған. 2010 жылы ІЖӨ-дегі үлесі 16,5 пайыз болса, қазір бұл көрсеткіш 8 пайызға әрең жетеді.
Экономикадағы өзгерістерді ескеріп, үкімет ауқымды инвест.бағдарламаларды жүзеге асыруда. Қазірдің өзінде жалпы сомасы 27 млрд доллар болатын 17 ірі жоба бар. 2029 жылға дейінгі ұлттық инфрақұрылым жоспарына 80 млрд доллар бөлінген.
Бұған қоса, ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі және коммуналдық инфрақұрылым саласында 200-ден аса жоба қолға алынды. Оның жалпы сомасы 13 млрд доллардан асады.
Осы мақсатта үкімет «Бәйтерек» холдингін капиталдандыруды қолға алыпты. Холдинг капиталына 1 трлн теңге құйылады. Қазірдің өзінде 600 млрд теңге бөлінген. Осы сома арқылы қосымша 7 трлн теңге инвестиция тартылмақ. Оның 2,5 трлн теңгесі банктер мен сақтандыру саласынан келсе, қалған 4,5 трлн теңге сыртқы қарыз.
«Қазір доллармен қатар, негізінен қытай юанімен қаржы тартып жатырмыз», – деп нақтылады Жұманғарин.
Жақын арада Алматы мен Қостанайда екі бірдей автокөлік зауыты іске қосылады. Вице-премьердің айтуынша, бұл отандық автокөлік өндірісіндегі бірегей жобалар болмақ.
Жұманғарин көлік инфрақұрылымына ерекше назар аударды. Биыл 13,1 мың шақырым тас жол жөндеуден өтсе, 4 мың шақырым теміржол жаңартылған. Биыл «Достық – Мойынты» желісінің құрылысы аяқталса, келер жылы «Мойынты – Қызылжар» бағытының құрылысы бітуге жақын.
Орталық дәліз бойындағы «Бейнеу – Сексеуіл» автожолының құрылысына Еуропа қайта құру және даму банкі мен Халықаралық қайта құру банкі 800 млрд теңге бөлуге дайын.
Дегенмен вице-премьердің пікірінше, көлік жолының шығыны көп, қайтарымы аз. Сол себепті, теміржолдағыдай қара жолды күтіп-ұстау және оларды тиімді басқару үшін арнайы ұсыныс пакет дайындалуда.
Қазақстанның басты міндеті мұхитқа шығу. Себебі кез келген мультимодалды логистика мен транзиттік әлеуеттің даму мүмкіндігі шектеулі. Серік Жұманғарин алдағы 5-10 жылда елдің теміржол желісін Ауғанстан арқылы Пәкістан порттарына тікелей шығаруды ұсынды.
Қазірдің өзінде Түрікменстан мен Иран арқылы жол бар, бірақ Иранның теміржол инфрақұрылымы мен санкциялар осы жолды тиімді пайдалануға кедергі.
«Бізге мұхитқа жол ашатын жаңа бағыт керек. Қазір бұл елдегі ең маңызды мәселе», – деді ол.