Қазақстанда күн райы қайта бұзылып, өңірлерді тағы да аяз бен боран әбігерге салмақ деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Солтүстікті Жаңа Жер архипелагынан жеткен аязды антициклон қайтадан құрсауына алады. Синоптиктердің айтуынша, қаңтардың 22-сі күні солтүстік аймақтарда түнде аяз –38 градусқа дейін күшейеді. Күндізгі температураның өзі –30 градустан көтерілмей, жұртшылыққа оңай тимесі анық.
«Қазгидрометтің» хабарлауынша, еліміздің көп бөлігінде қар жауып, боран соғады.
Желдің екпіні күшейіп, тұрғындардың қалыпты тіршілігін қиындатады. Ал оңтүстік пен оңтүстік-шығыс өңірлерде жаңбыр мен қар аралас жауын жауып, жолдар мұзға айналады. Әсіресе, таулы аймақтарда қар қалың түседі деген болжам бар. Республика бойынша қалың тұман сақталады.
Дегенмен, батыс, оңтүстік және оңтүстік-батыс аймақтарда күн райы біртіндеп жылына бастайды. Бұл өңірлерде күндіз ауа температурасы –5 градустан +3 градусқа дейін көтерілмек. Тек таулы аймақтарда күндізгі суық –8 градустан –13 градусқа дейін сақталады. Елдің батысында сынап бағанасы күндізгі уақытта –13 градусқа тоқтайды.
Бүгін еліміздің шығысында қатты аяз болып, Абай облысында температура –40 градусқа дейін төмендеді. Жетісу облысында да күн –27 градусқа дейін суытып, халыққа ескерту жасалды.
Қазірдің өзінде республиканың 12 өңірінде дауылды ескерту жарияланған. Синоптиктер тұрғындарды алыс жолға шықпауға, сақтық шараларын күшейтуге шақырады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

