Қазақстанның Украинадағы жаңа елшісі Төлежан Барлыбаев Киевте президенті Владимир Зеленскийге сенім грамоталарын тапсырды, деп хабарлайды Ertenmedia.
Ресми құжатты тапсыру рәсімі Киевтегі ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұрасы тізіміне енген тарихи «Киевтік София» ұлттық қорығы аумағында өтті.
Рәсім барысында тараптар екі ел арасындағы дәстүрлі достық қарым-қатынасты одан әрі нығайту мәселесін талқылады. Сондай-ақ Қазақстан мен Украина арасындағы іскерлік байланыстың келешегі мен нақты ынтымақтастық жобалары сөз болды.
Еске сала кетсек, Төлежан Барлыбаев Украинадағы Қазақстанның төтенше және өкілетті елшісі қызметіне биыл сәуірде тағайындалған еді.
Төлежан Барлыбаев 1970 жылы Теміртау қаласында дүниеге келген. Ресей мемлекеттік гуманитарлық университетін тәмамдаған дипломат бұған дейін Қазақстанның Украинадағы және Польшадағы елшіліктерінде жауапты қызметтер атқарған. Сонымен қатар Президент Әкімшілігінде бас инспектор болып жұмыс істеген.
Бұған дейін Барлыбаев Қазақстанның Хорватиядағы елшісі, Босния және Герцеговина мен Черногориядағы қосалқы елші қызметін де атқарған. Соңғы қызмет орны Қазақстанның Словакиядағы төтенше және өкілетті елшісі болған.
Сенім грамотасы жаңадан тағайындалған елшінің басқа елдегі жұмысын бастауға рұқсат беретін ресми құжат.
Елші осы грамотаны барған мемлекетінің президентіне тапсырады. Сол сәттен бастап ол сол елде өз елінің ресми өкілі ретінде жұмысын бастайды.