Қазақстанда жалақы деңгейі экономиканың нақты өсімімен қабыспай отыр, деп хабарлайды Ertenmedia.
Сарапшылар жыл басынан бері елдің жалпы ішкі өнімі 6,4 пайызға артқанымен, халықтың шынайы табысы керісінше кемігенін атап өтті.
Halyk Finance сарапшысы Алексей Афонскийдің дерегінше, 2025 жылдың тоғыз айында орташа айлық номиналды жалақы 433,3 мың теңгеге жеткенімен, инфляция әсерінен халықтың сатып алу мүмкіндігі былтырғы кезеңмен салыстырғанда 0,4 пайызға төмендеген. Инфляция көрсеткіші 12,9 пайыз.
Елдегі ең жоғары жалақы тау-кен саласында (930,5 мың теңге), қаржы секторында (900,6 мың теңге) және IT мен байланыс саласында (833,1 мың теңге) тіркелген. Әсіресе IT мамандарының жалақысы 1,3 млн теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 16,6 пайызға өскен.
Есесіне, қызметкерлері көп салаларда жалақы төмен.
Білім беру саласында 1,1 млн адам жұмыс істейді, бұл еңбек нарығындағы барлық жұмыспен қамтылғандардың 29,2 пайызы. Алайда мұғалімдер мен оқытушылардың орташа табысы елдегі орташа көрсеткіштен төрттен бірге төмен. Оның үстіне бұл салада жалақының нақты көрсеткіші жыл ішінде тағы 3,4 пайызға азайған.
Тіпті төменгі айлық алатын сектор мәдениет, демалыс және ойын-сауық саласы. Бұл бағыттағы қызметкерлердің табысы тау-кен өндірісінен үш есе аз бар-жоғы 297,2 мың теңге.
«Қазақстандағы еңбек нарығына тән ерекшелік ресурстарға қолжетімділіктің біркелкі болмауы. Салдарынан жұмысшылардың басым бөлігі табысы төмен секторларда шоғырланған, ал жоғары жалақы алатындар саны аз, бірақ қаржылық ресурсы мол салаларда жұмыс істейді. Мәселен, қаржы саласында жұмыс істейтіндер саны еңбек нарығының небәрі 2,7 пайызын құрайды, есесіне жалақылары елдегі орташа көрсеткіштен екі еседен астам жоғары», – дейді Афонский.
Табысы ең қатты төмендеген сала құрылыс. Мұнда бір жыл ішінде нақты жалақы 10,6 пайызға құлдыраған. Бюджеттік сала қызметкерлерінің де айлығы айтарлықтай қысқарған: білім саласында – 3,4 пайызға, денсаулық сақтауда – 3,8 пайызға.
Жұмыссыздық деңгейі ресми түрде 4,6 пайыз деңгейінде сақталғанымен, еңбек нарығындағы дисбаланс айқын байқалады.
Мысалы, жұмыссыздардың үштен бір бөлігі (33,6%) еңбекке жарамды жастағы ең белсенді топқа (35-44 жас) тиесілі. Бұл 151 мың адам. Ал республика бойынша бос жұмыс орындарының саны небәрі 63,9 мың. Яғни, ұсынылған жұмыс орындары осы топтағы жұмыссыздардың санынан 2,4 есе аз.
«Бұл еңбек нарығының нақты қажеттіліктерді қамти алмайтынын көрсетеді. Оның үстіне, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санының азаюы еңбек нарығының белгілі дәрежеде айығып жатқанын білдіруі мүмкін. Дегенмен, жасырын жұмыссыздық мәселесі әлі де бар», – дейді сарапшы.
Экономикадағы өсімнің халық тұрмысына әсер етпеуі сарапшыларды алаңдатып отыр. Бұл өсім негізінен мұнай саласындағы уақытша жобалар есебінен болып отыр.
Афонскийдің айтуынша, Теңіз кен орнындағы кеңейту жобасының аяқталуы уақытша өсімге ықпал етті, бірақ жаңа жұмыс орындарын ашуға сеп болмады.
«Оның үстіне бұл өсім халықтың әл-ауқатын көтеріп, ұзақ мерзімді экономикалық тұрақтылыққа негіз қалаған жоқ. Керісінше, мемлекеттен бөлінетін қаржы арқылы ғана тіршілік етіп отырған құрылыс пен сауда салаларының болашағы бұлыңғыр. Келер жылы бюджеттен түсетін қолдау күрт қысқарғанда, бұл салаларға қауіп төнуі мүмкін», – дейді маман.
Бұған дейін сарапшылар елдегі экономикалық өсім моделін сынға алған еді. Олардың пайымдауынша, қазіргі модель инвестицияларды ынталандырудың орнына, бюджеттік қолдауға ғана арқа сүйеп отыр.
«Фридом Финансқа» қарсы «қара PR»: Алматы полициясының тергеуі тұралап тұр

