Премьер-министр Олжас Бектенов басшылық ететін Цифрлық штаб мемлекеттік қызметтерді онлайн алуды жеңілдету үшін жаңа шешім қабылдады, деп хабарлайды Ertenmedia.
20 қыркүйекке дейін жеке IT-компанияларға мемлекеттік сервистерге қосылуға мүмкіндік беретін Smart Bridge платформасының жұмысы жеңілдетіледі.
Бұл қадам арқылы бизнес өкілдері халыққа қолайлы цифрлық өнімдер ұсына алады, ал тұрғындар онлайн-қызметтерге тез әрі оңай қол жеткізеді.
Сондай-ақ, Qaztech платформасында IT-шешімдерді жасауға қатысты баға мен мерзім бойынша қойылған шектеулер алынып тасталады. Осылайша, отандық технологиялардың ауқымды, заманауи әрі сапалы жобаларына жол ашылады.
15 қыркүйектен бастап қазақстандықтар eGov, eGov Business, Aitu және eOtinish порталдарын мобильді телефонның теңгерімінде ақша болмаса да, тегін қолдана алады. Бұл өз кезегінде мемлекеттік қызметке қолжетімділікті арттырып, Халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы кезекті азайтады.
Жыл соңына дейін мемлекеттік қызметтерге жасанды интеллект енгізілмек.
Осы арқылы қызметтерді көрсету уақыты қысқарып, көптеген процестер автоматты түрде, азаматтардың сұранысын күтпестен, проактивті тәсілмен орындалады.
Қазірдің өзінде 1408 мемлекеттік қызметтің 368-і толық автоматтандырылған. Тағы мыңға жуық қызмет цифрландыруға дайын тұр, ал 56 қызмет проактивті форматқа көшірілген.
«Мем.қызметтің жаппай цифрлануы халықтың уақытын үнемдеп, бюрократиялық кедергілерді азайтуға мүмкіндік береді», — дейді өз кезегінде сарапшы Айбар Олжай.